Брюссельде халықаралық автокөрме ашылды
Брюссельде халықаралық автокөрме ашылды. Осымен 101-рет өткізіліп отырған автошоуға әйгілі концерндер биылғы жылдың су жаңа көліктерін қойған. Жайдақ, жол талғамайтын, спорттық көліктерден бөлек, гибридті және электрокардың түр-түрі жұрт назарына ұсынылды. Автоиндустриядағы соңғы жаңалықты тілшіміз Нұрсұлу Қасым тарқатады.
Автоиндустрия саласындағы дағдарысқа байланысты Brussels motor show бір жылдық үзілістен соң өткізіліп тұр. Биылғы жылдың жемісті болатынынан үміттенген автоконцерндер көпшілікке 84 су жаңа көлікті ұсынды. 100 пайыз тоқпен жүретін Toyota Urban Cruiser соның бірі. Компания көміртек талшығын қолдану арқылы кроссовердің салмағын азайтып, қуатын, қауіпсіздігін күшейткен.
Нұрсұлу Қасым, тілші:
Scoda enyak бұл - чехиялық концерннің жаһандық премьерасы. 4 жыл бұрынғы нұсқасына қарағанда дизайны өзгертіліп, инновациялық технологиясы жетілдірілген. Электрокардың толық қуаты 586 шақырымға жетеді. Қоршаған ортаны қорғау үшін салоны экологиялық, тұрақты материалдардан жасалған. Құны - 65 мың еуро.
Соңғы екі жыл Еуропалық автоконцерндер үшін ауыр болды. Қытай көліктерімен бәсекеге төтеп беру, тұтынушы үшін талас бәрін титықтатып жібергені рас.
Жан-Марк Понтевиль, автоконцерн өкілі:
Брюссельдегі автосалон біз үшін коммерциялық ұсыныстарды жандандырып, көлігіміздің кем дегенде 40 пайызын сатуға мүмкіндік береді. Еуропаның автоиндустрия саласын сақтап қалу үшін барымызды салуымыз керек.
«Көлігімізге 10 жылдық кепілдік, 10 мың еуроға дейін жеңілдік» деп Еуропа, Қытай, Жапония мен Корея концерндері көрмеде сауданың көрігін қыздырып, келушілердің көңілін жаулауға тырысуда. Автосүйер қауымның талғамы да өскен.
Эден Албомо, Брюссель қаласының тұрғыны:
Мен әр екі жыл сайын көлігімді ауыстыруға тырысамын. Мен үшін кепілдік мерзімінің ұзақ болғаны жақсы. Ұсыныс көп, асықпай ойланып,шешім қабылдаймын.
Тюрэ Вонбиль, Брюссель қаласының тұрғыны:
Гибридті көлік қарап жүрмін. Тоқпен жүретін көлік алғым келеді, бірақ қымбат. Үкімет дизель, бензинмен жүретін автомобильдер ауаны ластайды деп қалада жүруге тиым салып жатыр. Таза көлікке көшуіміз керек.
Көрмеге жүргізушісіз көліктер, жүк көліктері мен мотоциклдардың да түр-түрі қойылған. Ұйымдастырушылар 9 күнге созылатын автосалонды 300 мыңнан астам адам тамашалайды деп отыр. Автоөндірушілер де көпшілік құр қол қайтпай, қос-қос көлік мініп кетеді деген үмітте.
Нұрсұлу Қасым
Сондай-ақ оқыңыз
Барлығы
