Былтыр елімізде 30 мыңнан аса жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 43 мың адам зардап шеккен. Апат салдарынан 2 600-ге жуық адам көз жұмды. Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, ең көп жол-көлік оқиғасы Алматы қаласында тіркелген. Қазір мегаполисте профилактикалық жұмыстар жүріп жатыр. Әсіресе, жол қауіпсіздігі қатаң бақылауға алынып, балаларға арналған арнайы орындықсыз жүргендер жазаға тартылмақ.
Виталий Сидорка 10 жылдан бері көлікке арналған балалар орындығын сатумен айналысады. Айтуынша, қазір балаларының қауіпсіздігіне алаңдайтындар аз. Мысалы, Америка және Еуропа елдерінде сәбиді арнайы орындықсыз тіпті перзентханадан шығармайды дейді.
Виталий Сидорка, Балалар дүкенінің директоры:
Қазір заң өз деңгейінде орындалып жатыр деп айта алмаймын. Меніңше, қазір тіпті айыппұл да салмайтын сияқты. Оны саудадан-ақ байқауға болады. Заң күшіне енген алғашқы жылдары жүргізушілер жаппай балалар орындығын алса, қазір дүкенге жеке қауіпсіздігін ойлағандар ғана келеді.
Алматыда былтыр балалар да болған 1 500-ден аса жол-көлік оқиғасы тіркелген. Апат салдарынан 1 600 жасөспірім зардап шегіп, 4-еуі көз жұмған. Тәжірибе көрсеткендей зардап шеккендердің басым бөлігі қауіпсіздік белдігін тақпаған немесе арнайы балалар орындығына отырмағандар, дейді қалалық полиция департаментінің өкілі. Ол көлік жүргізушілерін жолда автокресломен жүруге шақырды.
Тимур Ноғайбаев, қалалық ПД басқармасы бастығының орынбасары:
Көлік жүргізушілері 593-баптың 1-тармағын орындамағаны үшін жол жүру барысында белбеуді қолданбағаны үшін, балаларды авто орындықтарға отырғызбағаны үшін, балаларға арнайы белбеу тақпағаны үшін шамамен 11 мың жүргізуші жауапқа тартылды.
Көлік ішіндегі балалардың қауіпсіздігі ең бірінші жүргізушіге жүктеледі. Оқыс жағдай бола қалған жағдайда арнайы орындықтың көмегі мол, дейді мамандар.
Қазір Алматыда балалар қауіпсіздігінің алдын-алу мақсатында түсіндіру жұмыстары жүріп жатыр. Тәртіп сақшылары жүргізушілерге 12 жасқа толмаған балаларды арнайы орындықпен тасу қажет екенін ескертеді. Олай болмаған жағдайда 10 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Қуан Нұрақын