Елордалық оқушылар «Copernicus» халықаралық олимпиадасында топ жарды. АҚШ-тың Хьюстон қаласында өткен дүбірлі додада балалар жаратылыстану бағытында ғылыми тапсырмалар орындап, бақ сынады.
10 жасар елордалық оқушы Кәрім Дүйсеков дәл осы Халықаралық олимпиадада үздік атанып, 1-орынды еншіледі. Ол сайыстың ең кішкентай қатысушысы. Сондай-ақ №84 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы Алидан Саулебек химия пәні бойынша бас жүлдені қанжығаға байлады. Ұйымдастырушылар абсолютті чемпион атанған Алиданға «iPad» сыйға тартқан. Ал мектеп директоры жеңімпаз жеткіншекке 500 мың теңге сыйақы табыстайтынын жеткізді. Жалпы Халықаралық олимпиадаға 14 елден 150 жас дарын қатысты. Қазақстан атынан 15 оқушы барған.
Алидан Сәулебек, №84 мектеп-лицейдің 9-сынып оқушысы:
Олимпиада керемет өтті. Бағдарламасы жақсы. Музей, экскурсияларға бардық. Олимпиада Райс университетінде өтті. Осы олимпиадаға бару үшін мен онлайн форматта өткен 1-турдан іріктелдім. Қорқыныш, уайым әрине болды. Бірақ жүрегімде Қазақстан үшін мақтаныш, патриоттық сезім болды.
Ақниет Балтанова