Бүгін 95 жасқа қараған шағында белгілі ғалым, абайтанушы Мекемтас Мырзахметұлы өмірден өтті. Ұлт руханиятының абызы абайтану, бауыржантану, мұхтартану, яссауитану және Абайдың поэзиясына қатысты құнды еңбектер жазған. Мекемтас Мырзахметұлы осы ұлы тұлғалардың мұрасын жинап, келер ұрпаққа талдап, жүйелеп, қағазға түсіріп, тұтас ұлтқа рухани мирас қалдырып кетті.
Мекемтас Мырзахметұлының ғылымға деген құштарлығы мен табандылығы оны қазақ әдебиеті мен мәдениетінің терең зерттеуге жетеледі. Ғалым өмір бойы Абай Құнанбайұлының шығармашылығына ден қойып, «Толық адам» іліміне терең талдау жасады.
Кенжехан Матыжанов, М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының директоры:
Тарихтағы орнын өзінің көзі тірісінде беріп кеткен адам. Сондықтан қазақ әдебиетінің тарихында, қазақ әдебиеттану ғылымының тарихында, жалпы қазақ руханиятының тарихында Мекемтас Мырзахметовтың бейнесі, жоғарыдан жарқырайтынына біз сенеміз.
Ғалым сондай-ақ патшалық Ресейдің отарлық саясатына қатысты еңбектер жазып, қазақ халқының тарихи және мәдени болмысына терең үңілді. Оның «Қазақ қалай орыстандырылды?» атты еңбегі қоғамдық ой-санаға әсер еткен маңызды зерттеулердің бірі болды.
Серік Негимов, Филология ғылымдарының докторы:
Өмірінің 60-70 жылын абайтану мен әуезовтануға арнады. Асылы Мекемтас ағамыздың ғылыми, әдеби шығармашылығының бел омыртқасы абайтану мен әуезовтану.
Мекемтас Мырзахметұлы ұзақ уақыт бойы Ғылым академиясында, еліміздің жоғары оқу орындарында қызмет етті. 30-дан аса монография, зерттеу жобаларын жариялап, әдебиет тарихын зерттеушілердің бірнеше буынын даярлады. Саналы ғұмырын ғылымға арнаған тұлға өмірінің соңғы сәттерінде де тыным таппай, жаңадан кітап бастайтынын айтқан болатын....
Мекемтас Мырзахметұлы, абайтанушы, филология ғылымдарының докторы:
«Менің өмір жолдарым» деген үлкен неге даярланып жүрмін. Мен өзімнің өмірім арқылы қоғамның бет-әлпетін ашамын да. Соған даярланып жатырмын.
Қуан Нұрақын