Басты Жаңалықтар Ақтауға «Embraer» әуе кемесін өндіруші зауыттың мамандары келді

Ақтауға «Embraer» әуе кемесін өндіруші зауыттың мамандары келді

Ақтауға Бразилия әскери-әуе күштерінің үш тергеушісі келді. Мамандар қазақстандық тергеу комиссиясына техникалық тұрғыдан қолдау көрсетеді. Соның ішінде «қара жәшікті» ашып, оқуға көмектеседі. Апат болған жерде 4 мың шаршы метр аумақ қоршауға алынған. Оқиға орнына барған тілшіміз Аягөз Оралбайқызы тарқатып айтады.

Аягөз Оралбайқызы, тілші:

Ұшақ құлаған аумақта үкіметтік комиссия жұмыс істеуде. Ұшақтың бөлшектері тергеу талаптары бойынша орнынан қозғалмаған. ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың айтуынша, Ресей мен Әзербайжан елдерінің құқық қорқау органдары криминалистикалық тергеуге жіберілмейді. Олар ұшақ апаты бойынша тергеуге қатысады.

Апат болған жерде 4 мың шаршы метр аумақ қоршауға алынған. Себебі, ұшақ екі бөлініп қалған, бөлшектері әр жерде шашылып жатыр. Олар тергеу аяқталғанша жиналмайды, дейді мамандар. Аумақты жергілікті полиция департаментінің қызметкерлері күзетіп тұр.

Марат Қарабаев, ҚР Көлік министрі:

Халықаралық авиацияның стандарттарына сәйкес олар бөлшектердің барлығының орнында тұруын талап етеді. Өйткені алаңға шығып тиісті жұмыстар атқаруы керек олар. Сол халықаралық қосымша жұмылдырылып отырған сарапшылармен бірге ең алдымен өндіруші компанияның өкілдерімен бірге қосымша бөлшектері дәл сол орнында сарапталады. Тек содан соң ғана оны жинайды.

Кез-келген қылмыстық тергеудің нәтижесі бірқатар сараптамаларға негізделіп жасалады. Ал, ұшақ апаты бойынша әуе оқиғасын тергеу басқармасының қорытындысына сүйенеміз, деді, кешегі брифингте Үкіметтік комиссияның төрағасы Қанат Бозымбаев.

Ақтауға келген Бразилия әскери-әуе күштерінің үш тергеушісі қазақстандық тергеу комиссиясына техникалық қолдау көрсетіп жатыр. Мамандар сондай-ақ, «қара жәшікті» ашып, оқуға көмектеседі. Сондай-ақ, алдағы күндері елімізге авиациялық оқиғаларды тергеу және алдын алу орталығынан сарапшылар келеді деп күтілуде.

Аягөз Оралбайқызы


Бөлісу