Н.Назарбаев «Этноауыл» ұлттық-мәдени кешенін аралап, Қызылорда облысының мәдениет күні аясында ұйымдастырылған шараларды тамашалады. Жыршылар Елбасы алдында терме айтып, шығармашылық ұжым халық әндерін орындады. «Этноауыл» – «ЭКСПО» көрмесі аясында құрылған бірегей жоба. Онда қазақ музыкасы мен театры, сәндік-қолданбалы өнер бойынша шеберлік сабақтар, этникалық музыка фестивальдері өткізіледі. Келушілерге халқымыздың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық тағамдары мен спорттық ойындары көрсетілді. Этноауылды аралау барысында Елбасы екі балғынның тұсауын кесіп, ақ батасын берді.