Шымкент қаласында тұтас бір шағын ауданның балалары қирап қалған өндіріс орындарының ортасындағы шағын мектепте қысылып-қымтырылып оқып жатыр. Ата-аналар перзенттерінің денсаулығы мен өмірінің қауіпсіздігіне алаңдаулы. Өйткені білім ұясының іргесінен темір жол желісі өтеді, ал тап жанында цемент зауыты түтінін будақтатып жұмыс істеп тұр.
Осыдан 63 жыл бұрын құрылыс өндірісінің мекемесі болған ғимараттың бүгінде әбден тозығы жеткен. Сынып бөлмелері тар, дәлізде екі адам қатар жүре алмайды. Едендері тесіліп, қабырғадағы сылақтары да түсе бастаған. Спорт залында бойшаң бала қаттырақ секірсе, қолы төбеге жетеді.
Назира Қуанышова, ата-ана:
Ғимарат өте ескі. Біздің ауылда 820 бала бар екен. Соның 230-ы біздің мектепте оқиды. Қалғаны сыртта оқиды.
Білім ұясының айналысындағы зауыт, фабрикалардың қазір тек қирандылары ғана қалған. Тек Шымкент цемент зауыты ғана тоқтаусыз жұмыс істеп келеді. Ұстаздар сондықтан өндірістен шығып жатқан қалдықтар бала денсаулығына қауіпті деп алаңдайды.
Өмір Шыныбекұлы, «Зияткер ұстаз» қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
Дәл қазір қауіп жоқ деп ешкім айта алмайды. Себебі СЭС-тің радиация туралы қорытындысын ешкім білмейді. Біраз адамнан сұрадық. Өлшенді ме? Өлшесеғ радиация деңгейі қандай? Оны ешкім айта алмады.
Мектептің тап іргесінен темір жолы желісі өткен. Ауыр жүк вагондары жүретін шойын жолдың бойы қоршалмағандықтан балалардың сабаққа келуі мен қайтуын мұғалімдер кезекпен қарауылдайды.
Ханзура Мырзабаева, мектеп директоры:
Ол кезде біздің кезекші ұстаздар қарап отырады оқушыларды. Олардың сағаттары бар. Қазығұрт темір жолы деп аталады. Ол мекеменің мамандары келіп қарайды. Бізге кестесін беріп қойған. Қай кезде қоймаға зат келеді.
Бар болғаны 100 балаға шақталған мектепте қазір оқушы саны екі есеге артып кеткен. Сондықтан жергілікті билік жаңа білім ұясын салу үшін жер телімін рәсімдеуге кірісті.
Тұрар Сауытов, қалалық білім басқармасының бөлім басшысы:
Аталған гос акті алынғаннан кейін мектеп құрылысын салуға жобалау құжаттарын әзірлеуге қаржы қарау, оны жүзеге асыру, мектеп құрылысын салу жалғасын табатын болады.
Жауапты мекемелер санитарлық эпидемиологиялық департаментінің қорытындысы болғандықтан өндіріс қалдықтарының балалар денсаулығына ешбір зияны жоқ, - дейді. Ал жаңа мектептің қай жылы салынатыны әзірге нақты емес.
Ғани Қалмахан