Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Алматы облысы Жамбыл ауданына қарасты Ақтерек ауылының тұрғындары ерекше қуанышқа бөленді. Шет аумақта орналасқан шағын елдімекенге табиғи газ берілді. Сондай-ақ мейрамға орай 5 отбасыға баспананың кілті табысталды.
Айман Қалабаева – қара шаңырақтың түтінін түтетіп отырған келін. Өзі – көпбалалы ана, қолында ата-енесі бар. Қыстың көзі қырауда жыл бойы көмір жағып, күл тасып әлек болатын. Көгілдір отын келгелі, үйім жылы, қазаным қайнаулы, дейді.
Айман Қалабаева, ауыл тұрғыны:
От жаққан кезде жертөлеге көмір жағатын едік. Өшіп қалмас үшін, жиі далаға шығасың. Жеңіл, үйдің іші жылы. Қолжетімді бағада орнатып берді.
Сондай-ақ мереке қарсаңында «Ақтерек» шаруа қожалығының басшысы, зейнеткер Темірлан Шайнүсіпов 5 отбасыға баспананың кілтін табыс етті. Шаңырағына алғаш болып қоныстанған – шаруа қожалықта 41 жыл жүргізуші болып жұмыс істеген Мұратхан Рахметқожаев.
Мұратхан Рахметқожаев, ауыл тұрғыны:
Ағамызға рахмет, осындай үлкен зәулім үй салып беріп жатыр. 4-5 бөлме болып тұр ғой, міне. Ыстық су, суық суы бөлек, шәй ішетін жері бөлек, жатын жері бөлек, газ міне кіріп жатыр.
Ақтеректе 600-ге жуық үй түтін түтетіп отыр. Мұнда магистральды құбырдың құжаттары барлық талапқа сай жасалған. Қосу құны да қолжетімді. Әр шаңырақ 150-200 мың теңге төлейді.
Нұрлан Ертас, Жамбыл ауданының әкімі:
1 жылдың ішінде ғана Жамбыл ауданымызда газбен қамтамасыз ету мақсатында 6,5 млрд теңге қарастырылды. Газдандыру деңгейін 65 пайызға дейін жеткізіп отырмыз. Түтін санымен санайтын болсақ, 92 пайызға дейін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар.
Келесі жылы аймақтағы 7 елдімекенге табиғи газ беріледі. Қазір құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр дейді аудан әкімі. Осылайша 10 мыңнан аса отбасы көгілдір отынға қол жеткізеді.
Айдана Қуантхан