Сенат үш жылдың бюджетін мақұлдады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Сенат үш жылдың бюджетін мақұлдады

05.12.2024

Биыл бюджетке 2 трлн теңге салық түспеген. Бұл туралы бүгін Сенат отырысында қаржы министрі айтты. Оның сөзінше, кірістен шығыс көп. Сондықтан Ұлттық қордан трансферттелетін қаражат көлемі ұлғаяды. Бұл онсыз да әлсіреп әрі құнсызданып бара жатқан теңгеге әсер ете ме? Доллардың бағамы келер жылы 600 теңгеге жетуі мүмкін бе? Бұл сұрақтарға жоғарғы палата отырысында болған тілшіміз Нұрсұлтан Тілектес жауап іздеп көрді.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

10 айда он рет түзеліп, Мәжіліс депутаттарының сынына ұшыраған бюджет туралы заң жобасын бүгін Сенат мақұлдады. Дегенмен әлі де көңіл көншітпейтін тұстары көп. Мәселен, биыл бюджетке жоспарланған 2 трлн теңге салық түспеген. Шығыстар көлемі 24 трлн теңгеден асып кеткен. Сондықтан сары майдай сақтап отырған Ұлттық қордан трансферттелетін қаражат көлемі биыл 2 трлн теңгеге дейін ұлғайған.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2 трлн теңге транферт тарту барлық шұғыл шығыстарды, оның ішінде мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелерін қаржыландыруға мүмкіндік береді. Заң жобасы барлық жұмыст топтарымен егжей-тегжейлі талқыланды.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ұлттық қордан ақша ала беру алаңдатарлық деңгейге жеткені өз алдына, төл валютаның құнсызданып бара жатқаны қынжылтады. Бұған дейін Ұлттық экономика министрі теңгенің әлсіреуіне соңғы айларда доллар индексінің жаһандық нығаюы, әлемдік мұнай бағасының төмендеуі және Ресей рублінің құнсыздануы әсер етті деген еді. Енді басты сұрақ, доллар бағамы 600 теңгеге дейін өсіп кетуі мүмін бе?

Тимур Сүлейменов, ҚР Ұлттық банк төрағасы:

Біздің пайымдауымызша, болашақта доллар бағамы 600 теңгеге дейін жетпейді. Бірақ доллар құсызданып теңге нығаяды деп айта алмаймыз. Валютамыздың құны біршама факторға байланысты.

Нұрсұлтан Тілектес, тілші:

Ал теңгенің әлсіреуі Ұлттық қордан балаларға бөлінетін қаражат көлеміне әсер ете ме? Осы сауалды депутаттар Қаржы министріне қойды. Мәди Такиевтің сөзінше, қордағы қаражат онсызда доллармен сақталады, сондықтан алаңдауға негіз жоқ. Тоқталатын жайт, балалардың шотына аударылатын ақша келер жылы инвестициялар есебінен 120 долларға жетпек.


Нұрсұлтан Тілектес

Хабарламаларға жазылу