Елімізде мемлекеттік тілдің цифрлық ұлттық сөздік қоры жасалып, қазақ тілінің қолданысы бірізділенеді. Бүгін Мәжілісте мемлекеттік тілді жасанды интеллектің күшімен дамытуды көздейтін заң жобасы қаралды. Сондай-ақ дарынды жастарды қолдау қуаттай түспек.
Қазір жасанды интеллектіге иек артып, соның көмегімен талай істі жеңілдетіп, атқарып жатырмыз. Бірақ жасанды интеллектінің әлі де қазақшасы шорқақтау екені рас. Сондықтан қазақ тілінің сөздік қоры, яғни тілдік ақпараттық жүйе түзіледі.
Асхат Аймағамбетов, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Құрылатын Сөздік қоры, ол ашық, қолжетімді ақпараттық жүйе болады, сәйкесінше кең аудитория үшін қазақ тілінің нормасы мен ережелеріне тұрақты қолжетімділікті қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Бұл халықтың кез келген уақытта, күнделікті өмірде тілді дұрыс қолдануына жағдай жасайды. Осылайша ұлттық сөздік қор қазақ тілінің «бас анықтамалығы» сияқты болады.
Халықаралық білім жарыстарының жеңімпаздарына грант беріледі
Заң жобасында дарынды жастарды қолдау тетіктері де қарастырылған. Енді халықаралық ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына ҰБТ-сыз университетке түсуге грант берілуі мүмкін. Бірақ қазір халықаралық жарыстардың түрі мен саны да көп. Бұл ҰБТ-дан айналып өтудің амалы болып кетпей ме?
Еділ Оспан, ҚР Оқу-ағарту министрінің орынбасары:
Министрліктің 514-бұйрығы бар. Сол бұйрықта халықаралық олимпиадаларды іріктеудің нақты критерийлері белгіленген. Сол критерийлерге сай олимпиадалар мен халықаралық жарыстардың жеңімпаздары ғана осы гранттарға ие бола алады.
Азамат Бейбітұлы, тілші:
Қазіргі уақытта «Болашақ» бағдарламасы аясында магистратура мен докторантура деңгейлерінде ғана білім алуға болады. Жаңа заң жобасы бакалавриат деңгейінде де оқу мүмкіндігін беруді қарастырады. Бірақ бұл мүмкіндік тек халықаралық олимпиадалар мен ғылыми конкурстардың жеңімпаздарына арналған тетік.