Ресей президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ресей президенті Қазақстанға мемлекеттік сапармен келді

27.11.2024

Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путин мемлекеттік сапармен Қазақстанға келді. Мәртебелі қонақ қазір Ақордада шағын және кеңейтілген құрамда кездесулер өткізіп жатыр. Бұл жөнінде тікелей байланысқа қосылған Айя Мүтәлі егжей-тегжейлі баяндайды. 

Айя Мүтәлі, тілші:

Мемлекеттік сапармен келген Ресей президентін, мемлекет басшысы әуежайдан күтіп алды.  Протоколға сай Құрмет қарауылы сап түзеп, халықтар арасындағы шынайы достықтың белгісі ретінде балалар екі елдің жалауын желбіретіп, қошемет көрсетті. Одан кейін мәртебелі мейманның кортежі Ақордаға қарай аттанды. Осылайша, салтанатты қарсы алу рәсімі Президент резиденциясында жалғасты. Қос ел басшылары әдеттегідей алдымен ресми делегация мүшелерін бір-біріне таныстырды. Одан кейін Құрмет қарауылының бастығы рапорт беріп, мемлекеттік әнұран шырқалды. Бұдан соң кездесу шағын және кеңейтілген құрамда өтті. Осы сапар қарсаңында Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екі елдің ынтымақтастығы жайында мақала жариялаған. Шағын құрамдағы кездесу барысында президенттер осыны ерекше атап өтті.

Қасым-Жомарт Тоқаев, Қазақстан Республикасының Президенті:

Бұл қатынастар стратегиялық серіктестіктің, одақтастықтың өте берік негізіне негізделген. Мен бүгін сіздің мақалаңызды Қазақстанның бұқаралық ақпарат құралдарынан мұқият оқып шықтым. Сізге алғыс айтамын және өз кезегімде мен де мақаламды ресейлік бұқаралық ақпарат құралдарында жарияладым. Менің ойымша, біз болашаққа бағытталған ынтымақтастықты дамытудың барлық тәсілдерін бірауыздан егжей-тегжейлі баяндадық.
Айта өтейік, қос ел әлемдегі ең ұзын құрлықтық шекарамен шектеседі. Қазақстанның 7 облысы мен Ресейдің 12 аймағы көрші жатыр. Санкция салқыны сауданы бәсеңдеткенімен, алыс-беріс сомасы да әлі де қомақты. Ресей бүгінде біздің ең ірі сауда серіктестеріміздің бірі. Былтыр екі елдің саудасы 26 млрд долларға жеткен. 2023 жылы Ресейден келетін тауар 6,6 пайызға азайса, Қазақстан экспорты керісінше 11,5 пайызға көбейген. Бұдан бөлек, қазір елімізде 23 мыңнан астам ресейлік компания жұмыс істейді. Оның 4 мыңы соңғы бір жылда құрылған. Инвестициялық ынтымастық та артып келеді. Былтыр көрші ел Қазақстанға 3 миллиард доллардан астам қаржы салды. Қазақстан да Ресей экономикасына осынша мөлшерде қаржы құйды. Әсіресе, энергетика, өнеркәсіп, көлік-логистика, ауыл шаруашылығы салаласында ірі жобалар бар.

Айя Мүтәлі, тілші:

Қасым-Жомарт Тоқаев мақалада бүгінгі сапар осы инвестиция және сауда байланысқа зор ықпал ететіндігіне сенім білдірген. Нақты қандай келісімдерге қол қойылатынын кейінірек білеміз. Айта кетерлігі, ертең Астанада Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымының кезекті саммиті өтеді. Владимир Путиннің мемлекеттік сапары осы отырыспен жалғаспақ. Бұл ұйымға Қазақстан биыл төрағалық етіп отырғанын еске саламын. Шараға 5 елдің басшысы қатысады.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу