Бакуде климаттық саммит келісіммен аяқталды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бакуде климаттық саммит келісіммен аяқталды

25.11.2024

Бакуде Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттық саммиті аяқталды. Оның соңында кедей елдерге климаттың өзгеруімен күреске жыл сайын 300 миллиард доллар бөлу туралы келісім жасалды. Бұл қаражат қандай мақсаттарға жұмсалатыны жайында Арыстан Рысбек толығырақ баяндап береді.

Жексенбінің таңсәрісінде Біріккен Ұлттар Ұйымының Климаттық саммиті мәресіне жетті. Бакуге жиналған түрлі елдердің делегаттары бай мемлекеттердің климаттың өзгеруі жағдайында кедей елдерге қаржы бөлуі туралы келісімді ақыры қабылдады. Бұны саммит президенті Мұқтар Бабаев мақтанышпен жариялады.

Мұхтар Бабаев, БҰҰ 29-шы климаттық саммитінің президенті:

Кейбіреулер Әзербайжанның бұған қол жеткізе алатынына күмән келтірді. Біздің уағдаласу қабілетімізге сенбегендер бар. Бірақ олар қателесті. Біз бұл мақсаттың орындалмайтынын ешқашан мойындаған емеспіз. Себебі өткелден өтетінімізді білдік.
Бұл келісім бойынша, 2035 жылға дейін кедей елдерге климаттың жылынуымен күреске жыл сайын 300 миллиард доллар бөлінуі керек.

Бұл қаражат таза энергияға көшуге, қазба отыннан бас тартуға, халықты тайфундарға, тасқындарға, өрттерге бейімдеуге, адамдарды қауіпсіз жерлерге көшіруге, ауылшаруашылығын апаттардан қорғауға, жел және күн энергиясы инфрақұрылымын салу сияқты мақсаттарға жұмсалуы керек.

Мұхтар Бабаев, БҰҰ 29-шы климаттық саммитінің президенті:

Құрметті делегаттар, осымен конференция аяқталды. Ұзақ сағаттарға созылған қажырлы еңбектеріңіз үшін шын жүректен алғыс айтамын. Және де сіздерге жол амандығын тілеймін. Қайта көріскенше. Енді 29-шы сессияны жабық деп жариялауға рұқсат етіңіздер.

Дегенмен, жаһандық температураның көтерілуімен күреске жыл сайын 300 миллиард аз деген дамушы елдер де кездесті. Олар 1,3 триллион доллар қажет дейді.

Хуан Карлос Монтеррей Гомес, Панаманың қоршаған ортаны қорғау министрлігінің климаттың өзгеруі жөніндегі арнайы өкілі:

Менің көңілім қалды. Бұл біз ұзақ уақыт бойы мақсат етіп, күш салған межеден төмен. Біз әлемдік жалпы ішкі өнімнің 1 пайызын талап еттік. 300 миллиардқа ғана қол жеткізіп отырмыз. Дегенмен, мәтіннің соңғы нұсқасына енгізілген кейбір ережелер ұнады. Солар Панаманы осы құжатты қабылдауға мәжбүр етті.

Бакуде қабылданған құжат атомофераға тарайтын улы газ мөлшерін азайтуға үлес қосады деген үміт бар. 2015 жылы қабылданған Париж келісіміне сәйкес, жаһандық температура индустриалдық дәуірге дейінгі дәрежесінен 1,5 градустан артық көтерілмеуі керек. Бірақ планета температурасы қазірдің өзінде тиісті нормадан 1,3 градусқа асып, ауаға тараған көміртегінің мөлшері артып келеді. Бұның салдарынан сынап бағанасы әрі қарай жоғарылап, мұхиттар деңгейінің көтерілу қаупін күшейтіп жатыр.

Арыстан Рысбек 

Хабарламаларға жазылу