Жамбыл облысында енді учаскелік дәрігерлер жаяу жүрмейді. Өйткені аймақтағы үй-үйді аралайтын ақ халаттыларға санитарлық көлік кілттері табысталды. Жол талғамайтын 20 көлік алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына берілді.
Салтанатты шара барысында алдымен аудандық ауруханаларға 2-3 көліктен берілді. Сондай-ақ бірнеше облыстық және қалалық аурухана ұжымдары бір-бір көліктің кілтін алды. Бұған жергілікті бюджеттен 520 млн теңге бөлінген. Ал жыл соңына қарай тағы 13 автокөлік беріледі. Айта кетейік, бүгінде аудандық медициналық ұйымдарда 235 санитарлық автокөлік бар. Алайда оның тең жартысына жуығы тозып кеткен.
Жайдар Әскербекұлы, Шу аудандық аурухананың бас дәрігері:
Учаскелік дәрігерлердің жұмысын жандандыруға үлкен жәрдемін жасайды. Осы санитарлық автокөлікпен әрбір учаскелік дәрігер, мейірбике уақытылы көмегін жасайды деп білемін. Үлкен рахмет, алғысымыз шексіз.
Данияр Әлімқұл