Өскеменді соңғы үш тәулікте көк түтін басып тұр. «Қазгидромет» орталығы ауада күкірт диоксиді, көмір сутегі және бензпирен сияқты улы металдар шектік мөлшерден асып кеткенін растады. Ауа қатты ластанған күндері тыныс жолдары созылмалы ауруына шалдыққан адамдар қиналады. Ал балалардың көзі мен тамағы қызарып, үздіксіз жөтел пайда болады. Эколог-мамандардың уәжі қандай? Тілшіміз-Олжас Керейхан білуге тырысты.
Өскеменде жыл он екі айдың тең жартысы желсіз болады. Ондай тымық күндері ауаны құрамында улы металдар бар түтін басады. Соңғы бірнеше тәулікте қалада көмірсутегі қалыпты мөлшерден 3 есе асып кеткен.
«Қазгидромет » орталығының мамандары жылжымалы зертханамен қаланың әр аумағындағы ауа құрамын тексереді. Сол арқылы экологиялық мониторинг жасалады.
Надия Ғафурова, облыстық «Қазгидромет» орталығының жетекші инженері:
Жылжымалы зертханада алынған сынамаларды кешенді зертханаға тасымалдап, сол жерде талдау жүргіземіз. Бұл негізі нақты консетрациясын көрсетеді. Қай уақытта неше шоғыр көрсеткенін. Талдау нәтижелерін есептеп болғаннан кейін құзыретті органдарға жібереміз.
Құзіретті органдар 2023-2024 жылы 14 тексеру жүрзізіп, ауаны ластаған ірі өндірістерге 62 миллион теңге айыппұл салған. Ол қаржы толық өндірілді
Ақнұр Құнафина, облыстық экология департаменті басшысы орынбасырының міндетін атқарушы:
Жалпы ауаны ластайтын бір ғана нысан деп айта алмаймыз. Себебі ірісі де шағын да кәсіпорындар бар. Автокөліктер мен от жағып отырған жеке секторлар да бар. Солар да ауаны ластайды.
Ауаны көп ластайды деген кейбір ірі өндірістермен Экология департаменті кез-келген уақытта тексеру үшін меморандумға отырған. Ал соңғы жылдары көліктің көбеюі негізгі мәселеге айналды.
Олжас Керейхан, тілші:
Өскеменде қазір 400 мыңға жуық тұрғын болса, әрбір үшіншісінің өз жеке көлігі бар. 95 пайызы жанармаймен жүреді. Желсіз күндері әсіресе дәл қазіргідей таңертең-кешке орталық көшені көк түтінге көмеді. Ал оған қолданыста жүргеніне 30 жыл болған автобустарды қосыңыз.
Полиция қызметкерлері мен экологтар қоғамдық көліктердің де техникалық жағдайын рейдке шығып арнайы құрылғымен тексеріп тұрады. Талапқа сай келмеген көлік иесіне айыппұл да салады. Ал дәрігерлер Өскеменде ауа ластанған күндері созылмалы тыныс жолдары ауруына шалдыққандар көп шағымданатынын жоққа шығармайды.
Олжас Керейхан