Келесі жылы табыс декларациясын кімдер тапсырады? - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Келесі жылы табыс декларациясын кімдер тапсырады?

20.11.2024

Қаржы министрлігі келесі жылы табыс декларациясын кімдер тапсыратынын нақтылады.

Мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор басшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер де табыс декларациясын тапсыруға міндетті. Шет елде жылжымайтын мүлкі бар, бір жылдық шығыны 74 млн теңгеден асатын азаматтар да декларация тапсыруы тиіс. 1 қаңтардан бастап бұл міндеттен 8 миллион адам босатылды. Олар жеке тұлғалар, зейнеткерлер, үй шаруасындағы әйелдер мен студенттер. Дегенмен Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек декларациядан босату арқылы жемқор шенеуніктердің активтерді шығаруына мүмкіндік беріп қоямыз ба алаңдайды.

Бақытжан Базарбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Жемқор шенеуніктер мемлекеттің қаржысын, мемлекеттің мүлкін шығарған кезде өзінің атына емес, алыс туысқандарының атына рәсімдейді. Яғни 8 млн адамды декларациядан босату арқылы жемқорлардың іс-әрекетіне баға бере алмай қаламыз.

Келесі жылдан бастап азаматтар өз мүлкін өзгенің атына жаза алмайды

Күдік орынды. Алайда, Қаржы министрі бұл сын орынсыз деп есептейді. Себебі, келесі жылдан бастап азаматтар өз мүлкін біреудің атына жазуға құқы жоқ. Егер активтер өзге адамның меншігіне өтсе, онда оның да сұрауы болады деп жауап берді.

Мәди Такиев, ҚР Қаржы министрі:

Ауылдағы қарапайым адам болып жүрсе, 100-200 млн теңгені қайдан алды деген сұрақ оған туындайды. Сондықтан ондай тәуекел болмауы керек. Зейнеткер де мүлік сатып алса, көрсетуі керек қой. Біз көріп отырамыз, «зейнетақысы мынандай, сонда қымбат мүлікке ақшаны қай жерден алды» деп сұрақ туындайды.


Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу