Өскеменде жаңадан бой көтерген тұтас шағын аудан тұрғындары жылуға жарымай отыр. Көпқабатты үйлердің кейбір пәтерінде температура 15 градустан да аспайды. Сондықтан қарашаның қара суығында электр құрылғыларын қосуға мәжбүр. Ал кішкентай балалары бар кейбір отбасылар туыс-туғандарын паналап кеткен. Мәселе қашан шешіледі? Олжас Керейхан анықтады
Іші суық болса да, сырты сұлу көпқабатты бұл үйлер 2 жыл бұрын салынды. Көпбалалы және үй кезегінде тұрған әлеуеті осал отбасыларға жалға берілді. Бірақ кейбір пәтерлердің есік пен терзесі аңғал-саңғал.
Гүлжайнат Жұмаділова, көпбалалы ана:
Комиссиядағы кісілер келген. Біздің үйдің температурасын бәрін өлшеген. Сол кезде айтқан үйлеріңіз өте суық, температурасы төмен көрсетіп тұр деп. Жылуға үнемі ақша төлеп отырамын. Баласы барлар тұра алған жоқ. Туыстары барлар, үйлері барлар кетіп қалды. Енді баратын жеріміз жоқ. Осында жылыту құрылғысын токқа қосып отырмыз.
Тұрғындар 2022 жылдан бері үйді салған мердігер құрылыс компаниясы мен Өскемен қаласы әкімдігінің табалдырығын тоздырумен жүр. Жауапты тұлғалар жыл сайын жазда жөндейміз деген құрғақ уәдеден аса алмай келеді.
Айнагүл Жекенова, қала тұрғыны:
Екі жыл болды, ертең істейміз дейді. Керемет қыламыз дейді, бірақ түкте жоқ. Пәленбай айда мен әйнектің қаңылтырын қақтыра алмадым. Әлгі біреу қол соғып тұрған сияқты сартылдайды.
Лаура Желдібаева, қала тұрғыны:
Үйде 2 айлық балам бар. Үй деген суық кәдімгідей. Мұнда тұру мүмкін емес.
Көпқабатты үйдің неліктен жылынбайтынын 2 жыл зерттеген әкімдік қызметкерлері себебін жақында ғана анықтапты. Баспананы басқарушы компания өз міндетін дұрыс орындамаған.
Әлішер Бекен, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:
Үйдің жалпы жылу жүйесі дұрыс тартылған. Тек кейбір құрылғылар дұрыс орнатылмаған. Қысым болмағандықтан су дұрыс жүрмейді. Сол үшін пәтерлерге жылу жетпейді. Біз кешеден бастап басқа басқарушы компанияға бердік. Енді жылуы дұрыс болады.
Қарашаның басы қарлы болғанмен соңғы 2-3 тәулікте қайта жылынды. Бірақ алда үскірігі аязы ысқырған алты ай қыс. Сондықтан, тұрғындар қатты аяз түскенше жөндеп берсе деп елеңдеп отыр.
Олжас Керейхан