Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз игерген 49 кәсіпкер жазаланды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Түркістан облысында жер қойнауын заңсыз игерген 49 кәсіпкер жазаланды

20.11.2024

Түркістан облысында өзен-көлдердің жағасын жаппай қазып, карьерге айналдырып жіберген пысықайлар көбейді. Ал, жер қойнауын пайдалануға рұқсаты бар кәсіпкерлердің өзі талапты сақтамай, қоршаған ортаға шаш етектен зиян келтіруде. Заңсыз әрекеттері үшін 11 кәсіпкер лицензиясынан айырылды, тағы 38-імен келісімшарт бұзылмақ. 

Бұл - Отырар ауданы аумағындағы заңсыз карьерлердің бірі. Техниканы тізгіндегендер құзырлы орган өкілдері келе жатқанын естіп, барлығын тастай қашқан. Қара топырақты оңды солды қопарғандардың қоршаған ортаға залалын айтпағанда, тұтас өңірдің тұрғындары олардан әбден зәрезап болған.

Бақтыбай Тәшкенбаев, Бірлік ауылының тұрғыны:

Сол шұңқырға түсіп өліп жатыр малымыз. Су қайтқан кезде ол жерлер бомба түскендей орнын тегістемейді. Қызыл кітапқа кірген жыңғыл, тораңғыға да қарап жатқан жоқ.

Әбдіманап Мамышев, Ш.Дәлдәбеков ауылдық округінің тұрғыны:

Ауыр жүк көліктер кіріп құм алып шығып жатыр. Ағашты да, жыңғылды да қырқып жатыр. Жерді де ойып тастайды. Шұңқырға түсіп өліп жатқан малдардың есебі жоқ. Міне осыны біз тоқтатса деген өтінішіміз бар.

Полицейлер жыл басынан бері рейд шараларын тоқтатпай келеді, нәтижесінде жер қойнауын заңсыз пайдаланғандарға қатысты 4 қылмыстық іс қозғалды. 205 жүк көлік айыптұрағына қойылды. 2 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Өңірде жер қойнауын игеріп отырған 191 кәсіпкер бар. Бірақ зарарын тигізіп, заңға бағынбайтындар көп.

Үсен Сазанбай, Түркістан облыстық кәсіпкерлік басқармасының бөлім басшысы:

Мақтаарал ауданының Келес кентінде, Кентау қаласында, Созақ аудандарында жиі арыз түсіп, жиі орын алатын нүктелер бар. Жерді өз бетінше қазып, құм-тасын сату жиі болып жатыр. Біз барлық материалдарды жинап прокуратураға жібереміз.

Ал Экология департаменті жыл басынан бері 91 әкімшілік іс қарап, 107-сін сотқа жолдаған. Заңды белден басқандар Сауран, Сайрам, Қазығұрт аудандарында анықталды. Өткен жылы қоршаған ортаға залал келтірген бір кәсіпкер алты жылға сотталса, тағы біреуі қазір уақытша тергеу изоляторында қамауда отыр.


Айнұр Әбілқасымқызы

Хабарламаларға жазылу