Қазақстан қор биржасында доллар күрт қымбаттап, теңге құнсыздана түсті. Қазір ақша айырбастау пункттерінде 1 доллар 497-502 теңге аралығында саудаланып жатыр. Ұлттық банк төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова теңгенің әлсіреуіне ішкі және сыртқы факторлар себеп екенін айтты. Қазір валюта нарығындағы теңгерімділікті арттыру мақсатында квазимемлекеттік сектор субъектілерінің валюталық түсімдерінің 50%-ын міндетті түрде сату талабы қайта енгізіледі, деді. Ал, Үкіметтің тиісті қаулысы мен Ұлттық банктің бұйрығы әзірленіп, жақын күндері қабылданбақ. Экономист Бауыржан Ысқақ доллардың көтерілуіне АҚШ Президенті болып сайланған Доналд Трамптың дамушы елдерге қатысты саясаты әсер етуі ықтимал, дейді. Айтуынша, жыл соңына дейін көк қағаздың құны 505 теңгеге дейін өсуі мүмкін. Бұл импорттық тауарлардың 7-8 пайызға қымбаттауына септігін тигізеді, деді.
Бауыржан Ысқақ, экономист:
Салық салынатын базаны көбейтуге күш салатын базаларды дамытуға нақты бір шаралар қолданатын болса онда теңгені біз долларға шаққанда тиімді ұстап тұруға мүмкіндігіміз бар.
Сауда министрі Арман Шаққалиевтың айтуынша, доллар бағасының өсуі тауарлардың қымбаттауына алып келмейді. Тіпті тропикалық жемістерді елге жеткізуде де қиындық туындамайды. Өйткені, Қазақстанның негізгі сауда серіктестері доллармен есеп айырыспайды, деді. Сондықтан, шетелден тауар әкелу қиындамайтынын жеткізді.
Асылбек Данияр