Шаруалардың қарызды өтеу мерзімі ұзартылады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Шаруалардың қарызды өтеу мерзімі ұзартылады

18.11.2024

Шаруалардың несие қарызын өтеу мерзімі ұзартылады. Бұл жөнінде Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлім етті. Министр келтірген ақпаратқа сәйкес, бүгінде 119 фермерден қарызды өтеу мерзімін ұзарту бойынша өтініш келіп түскен. Олардың жалпы берешегі 5 млрд теңгеден асады. Министр шаруалардың несиені өтеу мерзімі жекелей қаралады деп түсіндірді. Яғни, жылдың соңына дейін, қажет болса көктемге дейін ұзарту мүмкіндігі бар екенін жеткізді.

Айта кетейік, бүгін Мәжілісте биылғы егінді сақтау, өткізу мәселелері талқыланды. Соңғы екі айдың ішінде 2 млн тоннадан аса астық экспортқа шығарылған. Сұраныс артса, экспорт көлемін 12 млн тоннаға дейін жеткізу жоспарланған.

Айдарбек Сапаров, ҚР Ауыл шаруашылығы министрі:

 Былтырғы жылдары Иранды жоғарлатып алғанбыз. Бұрын миллионнан астам астықты сол жаққа жіберетінбіз. Былтыр өте төмен болды. Биыл қайта орнына келіп жатыр. 

Сондай-ақ, министр шаруалардан астықты сатып алуға алғашқы 10 млрд теңге бөлінетінін жеткізді. Бұл қаражат көлемі әлі де өседі, деді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ауыл шаруашылығы саласы қызметкерлерінің форумында тапсырма берген болатын. Яғни, Үкіметке азық-түлік корпорациялары арқылы шаруалардан астық сатып алуды міндеттеді. Бұл нарықтағы бағаны ұстап тұру үшін қажет.

Самал Қабышева


Хабарламаларға жазылу