Елімізде шағын несие беру ережелері өзгерді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде шағын несие беру ережелері өзгерді

26.10.2020
Елімізде шағын несие беру ережелері өзгерді

Қазақстанда шағын несиелерді рәсімдеу және қарызды қайтару тәртібіне өзгеріс енгізілді. Бұл туралы Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі хабарлады.

Агенттік басқармасының қаулысына сәйкес, жеке тұлғалардың микрокредиттер бойынша берешегін сотқа дейін реттеу рәсімі белгіленіп отыр.

«Микроқаржы ұйымы шағын кредит бойынша төлеу мерзімінің кешігуі туындаған күннен бастап күнтізбелік 15 күннен кешіктірмей, қарыз алушыға ол туралы хабар беруге міндетті. Қарыз алушы төлеу мерзімінің кешігуі басталған күннен бастап күнтізбелік 30 күннің ішінде берешекті өтеу мәселесін реттеу туралы өтінішпен микроқаржы ұйымына жүгінуге құқылы», – делінген хабарламада.

Бұл ретте микроқаржы ұйымы күнтізбелік 15 күн ішінде қарыз алушының өтінішін қарайды және жазбаша нысанда қабылданған шешім туралы хабарлайды. Қарыз алушыдан өтініш болмаған немесе қарыз алушымен келісімге қол жеткізбеген жағдайда, МҚҰ нотариустың атқарушылық жазбасы негізінде берешекті өндіріп алуға құқылы.

Құжат микрокредит беру туралы шартты ресімдеуді және оның мазмұнын оңтайландыруды көздейді. Атап айтқанда, нарыққа қатысушылар микрокредитті өтеу кестесіне қосымша мәліметтер қосу мүмкіндігі туралы ұсыныстар енгізді. Мысалы, микрокредитті қайта құрылымдау кезінде қарыз алушының міндеттемесі болғандықтан төлеу мерзімі кейінге қалдырылған төлемдер өтеу кестесінде көрсетілуге тиіс.

Жаңа қағидаларға сәйкес шарттың жасалған күні, микрокредит сомасы, пайыздық мөлшерлеме, шарт талаптарын орындау мерзімдері және басқа да міндетті шарттар туралы ақпаратты шарттың титулдық парағына жазу талап етіледі.

несие шағын несие микроқаржы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі микрокредит

Хабарламаларға жазылу