Теңгеден құрастырылған пирамида Қазақстанның рекордтар кітабына енді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Теңгеден құрастырылған пирамида Қазақстанның рекордтар кітабына енді

18.11.2024

Алматылық оқушылар құрастырған теңге пирамидасы Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабына енді. Ерекше композицияға 50 теңгелік 17 мыңға жуық монета қолданылған. Тың бастаманы №209 мектеп-гимназиясының оқушылары бастап, ұстаздар ұжымы құптап, ата-аналар қолдау көрсеткен.

Оқушылар ойлап тапқан бұл айрықша туынды «Табыс тұғыры» деп аталады. Әрбір қабаты – білімге деген қадам, әр монета — болашаққа бастаған ұмтылыс, - дейді мектеп ұжымы. Бастаманы білім ошағының 11-сынып оқушылары көтерген.

Жанар Айдарбекова, №209 мектеп-гимназиясы тарих пәнінің мұғалімі:

Оқушылар бұл пирамиданы бізге «Табыс тұғыры» деп аталады деді. Неге? – деген сұрақтар туды. Сол кезде «Табыс тұғыры» деп аталу себебі, мектебіміз табысты, жетістіктерге толы болсын деп. Өзімізден кейінгі ізбасарларымызға із қалдыру үшін мектебімізге естелік қалдырғымыз келеді деген жаңашылдықпен келді.

Туындыны жинауға бас-аяғы үш апта уақыт кеткен. Пирамида Қазақстанның «КИнЭС» рекордтар кітабына тіркеліп, үздіктер тізіміне енген. Бұл ерекше жобаға әрбір ата-ана мен оқушы, мектеп ұжымы атсалысып, өз қолтаңбасын қалдырған.

Ақнұр Ерболқызы, 11-сынып оқушысы:

Тиын жинау бізде 1 аптадан уақыт алды. Мектепте 3 мыңнан аса оқушы болғаннан кейін әр оқушы 5 елу теңгелік монеталарды бізге берген болатын. Толықтай санаған кезде 3 апта. 1 апта бойы оқушылармен бірігіп тиын жинадық. 2 апта бойы пирамиданы қаладық.

Темір теңгеден түзілген пирамида тек сәулет туындысы емес, оқушылардың білім мен жетістікке жету жолындағы ортақ мақсаттарының нышаны, дейді мұғалімдер. Мектеп ұжымы халықаралық ережеге сәйкес жобаны 3 айдан соң Гиннестің рекордтар кітабына ұсынбақ.

Қуан Нұрақын


Хабарламаларға жазылу