Алматы облысында зағип балаларға арналған кітап жарық көрді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматы облысында зағип балаларға арналған кітап жарық көрді

16.11.2024

Алматы облысында брайль қарпінде шығарылған «Айналайын» атты кітап жарық көрді. Балаларға арналған жинаққа қазақ ақын-жазушыларының шығармалары енді. Ерекше әдіске негізделген туынды облыс әкімдігінің қолдауымен басылып шыққан.

Алматылық Бауырхан Оңғарбаев көз жанарынан айырылса да, жігері жасыған емес. Өз бетінше білім алып жүр. Ол брайль қарпінде жазылған қазақ тілді кітаптарды түгел оқып, тауысыпты.

Бауырхан Оңғарбаев, оқушы

Брайль қарпін толық меңгеру үшін, жылдам оқу таптырмайтын кітап болып тұр. 0148 Брайль қарпінде жазылған кітаптар санаулы-ақ, көбінесе орыс тілінде шығады. Мен өзім бастауышта оқып жүргенде, пәндік кітаптар немесе әдеби кітаптар саусақпен санайтындай болған.

Елімізде Бауырханмен тағдырлас, көз жанарын айырылған 120 мыңнан аса адам бар. Оның 12 мыңы – оқушы. 100 мыңға жуық оқырман мамандандырылған кітапханаға тіркелген. Зағип жандардың барлығы саусақ ұшы арқылы заманауи туындыларды оқығысы келеді. Алайда брайль әдісімен оқулықтар шығаратын типография жоқтың қасы, дейді Мәжіліс депутаты Мақпал Мыса.

Мақпал Мыса, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

Арнаулы принтерлер арқылы шығарып жатқан азын-аулақ кітаптарымыз бар. Бір принтердің өзі әдеби кітап шығаруға, журнал шығаруға қауқары жетеді. Балалардың ішінде өте талантты балаларды көрдім. Сол маған өте қатты әсер етті. Онсыз да әлемі қараңғы балалардың әлемін қараңғылатпай, жарық сыйлауға ұмтылдық.

22 автордың әңгімелері мен өлеңдерін бір жинаққа топтастырған. Кітап 1000 тиражбен Түркияда басылып шыққан. Алдағы уақытта брайль әдісімен ҰБТ-ге дайындайтын оқулықтар мен қазіргі ақын-жазушылардың шығармалары жарық көрмек.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу