Ауыл шаруашылығы саласына мемлекет тарапынан көрсетілетін көмек жыл санап артып келеді. Біз оны көріп отырмыз, шынайы сезінеміз. Бүгінгі агрофорумға жиналған сала мамандары осылай деп отыр. Қаржылай қолдаудан бөлек, өндірістің бастапқы кезеңінен сатылғанға дейінгі сүйемелдеу алгоритмі жеңілдетілген. Енді біз есесін сапалы өніммен, мол жиын теріммен қайтаруымыз керек, дейді олар.
Бүгінгідей агрофорум біздің елде бірінші рет өтіп отыр. Әр аймақтан жиналған кәсіпкерлер үшін мұндай ауқымдағы шара – таптырмас мүмкіндік. Өйткені бизнес өкілдері үшін әріптес-бәсекелестерімен байланыс орнату бірінші кезектегі басымдық. Мәселен, Сырым Ертаев 10 жылдан бері ірі қара етін экспорттаумен айналысады. Жуырда Аустралияға барып, олардың тәжірибесін игеріп келген. Яғни, өзгелерге тың тәсілдерді көрсетуге мүмкіндігі бар.
Сырым Ертаев, «Қайып ата» ЖШС құрылтайшысы:
Жем-шөпті Қазақстаннан сатып аламыз. Өзімізде жарты жылға дейін бордақылап, сосын оны шетелге экспортқа шығарамыз. Ішкі нарықты толық қамтып қойғанбыз. Толық қамтылғаннан кейін барып біз экспортқа шықтық. Шикізат күйінде емес. Өндіріс. Еттің өзін тазалдап, сол күйінде экспортқа шығарып жатырмыз. Енді ішкі қалдықтарын бәрін тереңдетіп өңдеп, Қытай нарығына шығаруға дайындалып жатырмыз.
Өсімдік шаруашылығында да өзгеріс, өркендеу бар. Биыл соңғы 10 жылдағы рекордтық көлемде өнім орылды. Шаруалар мұндай жетістікке жетуге мемлекеттік қолдаудың тікелей көмегі болды деп отыр.
Аманғос Төлеуов, «Степное» ЖШС басшысы:
Егін еккенде мысалға химиямен айналысамыз – гербицид. Оған 50 пайызын береді. Сосын жанар жағармайды арзандатып жатыр. Ақтөбеде біздің нанды іздеп жүріп алады.
Биыл 1,2 млн тонна қант қызылшасын жинау жоспарланып отыр. Бұл да рекордтық көрсеткіш. Қазір қазақстандықтар тұтынатын қанттың 13 пайызы ғана өзімізде шығарылады. Өнім көбейген сайын өндірісті де өркендету мүмкіндігі өседі. Биыл ішкі нарыққа аттанатын қантты 2 есе арттыру жоспарда бар. Ол үшін жаңа өндіріс ошақтарын салу да жоспарда бар.
Олжас Тілебалдин, ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми өкілі:
Жаңа қант зауыттарын іске қосу мәселесі де қаралып отыр. Дәл қазір ол Жамбыл облысы Шу ауданында және Павлодар облысы Ақсу қаласында осы қант зауыттарын іске қосу мәселесі, яғни оған инвестор тартып оған қажетті жыл сайынғы мемлекеттік қолдау шеңберінде өсімді жоспарлай отырып, біз осы екі қалада және басқа да қант зауыттарын іске қосу бойынша инвестор жұмыстарын қазір жандандырып жатырмыз.
Азық-түлік қауіпсіздігін арттыру стратегиялық маңызы бар бағыттың бірі. 2022 жылы осы рейтингте 32-ші орынға шықтық. Қазақстан ТМД елдері ішінде көш бастап тұр. Бірақ жайбарақат отыруға болмайды. Сондықтан шаруаларға қолдау арта бермек.
Абзал Ералиев, «Абзал и К» компаниясының құрылтайшысы:
Судың да жетіспеушілігі бола ма деп кішкене бізде алаңдаушылық болған. Дегенмен мемлекеттің, ,Үкіметтің арқасында суды жеткізіп берді. Оның үстіне Үкімет тарапынан қолдау көрсетіліп жатыр. Бізге тыңайтқыш шағынан 50 пайыз жеңілдік беріп жатыр. Үлкен техникамыз, комбайндарымыз бар. Соның бәріне инвест субсидия беруде.
Президент келер жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған еді. Яғни, нағыз еңбек адамдары жоғары деңгейде ұлықталмақ. Бұл да ризығын кетпен мен күректің көмегімен өсіретін шаруаларға жанама қолдаудың артатынын көрсетеді.
Оңғар Алпысбайұлы