Елімізде пәтер жөндеу құны күрт өсті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Елімізде пәтер жөндеу құны күрт өсті

13.11.2024

Алматыда пәтер жөндеу құны күрт шарықтаған. Мәселен, құрылысшылар аумағы 50 шаршы метр болатын бір бөлмелі баспананы жөндеуге орта есеппен 2,5-3 миллион теңге сұрайды. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, елімізде құрылыс материалдарының құны соңғы айларда 4-5 пайызға өскен. Бағаның өсуіне не себеп? Елімізде шығарылатын құрылыс материалдары сұрасты өтеуге қауқарлы ма? Алматылық әріптесім Айдана Қуантхан зерттеп көрді.

Бақытжан Өңкебаев аумағы 80 шаршы метр болатын пәтердің ішкі жөндеу жұмыстарын екі ай бұрын бастаған. Әр шаршы метрге 100 мың теңге алады. Үйдің дизайны жыл сайын түрленеді. Соған орай жөндеу жұмыстары да күрделеніп барады, дейді Бақытжан.

Бақытжан Өңкебаев, құрылысшы:

Ол жерде толық жұмыс кіреді. Электрика, сантехника, молярлық жұмыс барлығы кіреді. «Комфорт», «люкс» дейді, дизайн проектіге байланысты бәрі. Соған қарап, смета шығарып, есептелетін болады.

Үйдің ішкі жөндеу жұмыстары әр сатыға бөлінеді. Мәселен, «Стандарт» санатында баға 42 мыңнан басталса, «жайлы» 50 мыңнан, «жоғары» санат 55 мыңнан басталып, 100 мың теңгені жалғап кете береді. Алматылық Қайрат Алпысбаев биыл көктемде өз үйінің құрылысын бастаған. Қазір баспанасына есік таңдап жүр. Егер құрылысшылар бригадасын жалдасам, екі есе шығындаламын, дейді.

Қайрат Алпысбаев, қала тұрғыны:

Қазірдің өзінде 4 млн-дай кетіп жатыр. Ол әлі тоқтамайды, желтоқсанға дейін қанша кететінін көреміз. Қазір сыртқы құрылысқа да, ішкі құрылысқа да бірдей кетеді.

Құрылыс материалдарының ай сайын қымбаттайтынын саудагерлер де растап отыр.

Айдана Қуантхан, тілші:

Құрылысқа ірілі-ұсақты мыңға тарта материал қажет. Құрал-жабдықтардың бағасы жыл сайын шарықтап барады. Мәселен, мына қарапайым күректің бағасы былтыр 2000 теңге болса, биыл 500 теңгеге қымбаттаған. Ал бұл құрылғы былтыр 20 мың теңгеге саудаланса, биыл 22 мың теңгеге сатылып тұр.

Ал Құрылысшылар одағының өкілі Диляра Сейітнұрова, тауарлар импортқа тәуелді, сондықтан баға өспесе, төмендемейді, дейді.

Диляра Сейітнұрова, ҚР Құрылысшылар одағының Алматы облысы филиалы директорының орынбасары:

Көбінесе Ресейден, Қытайдан, Қырғызстан мен Өзбекстан, алыс Еуропалардан келіп жатыр. Өйткені, құрылыс жүргізу үшін кафель, әшекей заттары Еуропадан әкелініп жатыр. Құрылыстың есебімен қарасақ, құрылыс заттары Қазақстанда тек қана 25%-30%құрайды. Өзіміздің өндірістік материалдар.

Елімізде цемент,кірпіш, пластик терезе, арматура өндірілгенімен, ішкі нарықтың 60 пайызын ғана қамтамасыз етеді, дейді сарапшылар. Ал құрылысқа қажетті түрлі құбырлар, сантехникалық, қасбеттік материалдар, қалың шынылар мен керамика тек сырттан әкелінеді. Сондықтан бағаның да шарықтап жатқанын осыдан бағамдауға болады.


Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу