Қазақстанда өндірілетін газдың 40% Батыс Қазақстан облысындағы «Қарашығанақ» кен орнына тиесілі. Бірақ өңір тұрғындары көгілдір отынның текше метріне 21 теңге төлейді. Бұл көрші облыстармен салыстырғанда 10 теңгеге қымбат. Бүгін Астанада жылды қорытындылап есеп берген Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев аталған мәселеге қатысты түсінік берді. Оның айтуынша, «Қарашығанақ» кен орнында өндірілетін газ шетелде өңделеді. Сондықтан оның құны жоғары болып тұр.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
Иә, Ақтөбе, Атыраумен салыстырасыздар. Оларда газдың өзіндік құны төмен. Өйткені олар «попутный» газды пайдаланады. Ал біздің газ ішінде қоспалар көп. Оның бәрін айыру керек. Оны халыққа пайдалануға жарамды ету үшін Ресей Федерациясының Орынбор қаласына өңдеуге жібереміз. Оны өңдеп қайта жібереді, келіп-кетері бар. Соның бәрін қосқанда осындай баға шығып отыр.
Өңір әкімінің сөзінше, қазір жылына 4 млрд текше метр газ өңдейтін зауыттың құрылысы жоспарланып отыр. Егер жоба жүзеге асса, көгілдір отынның бағасы едәуір түседі. Облыстағы тағы бір өзекті мәселе ол - ауыз судың тапшылығы. Бүгінде аймақта 100-ге жуық ауыл тұрғыны тіршілік нәрін құдықтан алып ішуге мәжбүр. Аймақ жетекшісінің айтуынша, ол халық саны 50-ге жетпейтін елдімекендер. Десе де қазір аталған ауылдарға су тазалағыш блоктар қойылып жатыр. Сондай-ақ өңірде электр желіліерінің 80 пайызы әбден тозған. Бұл түйткіл жақын арада шешіле қоймайтын сыңайлы. Өйткені облыс қазынасында қаражат жоқ.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
20 мың шақырым электр желісін бір күнде жөндей алмаймыз. Біз 2 мың шақырым электр желісін жөндеуге 20 млрд теңге сұрап отырмыз. Тек қана 2 шақырым. 20 мыңның 10 пайызы. Соған 20 млрд теңге керек. Енді осыған байланысты қазір Энергетика министрлігімен қаржы көздерін іздестіріп жатырмыз.
Нұрсұлтан Тілектес