Үш жылдан кейін елде газ тапшылығы болады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Үш жылдан кейін елде газ тапшылығы болады

06.06.2022

Келесі жылдан бастап сұйытылған газ бағасын Энергетика министрлігі реттеп отырады. Оған дейін көгілдір отынның литрі ең көп дегенде 2 теңгеге қымбаттауы мүмкін. Бұл туралы Мәжілістегі Үкімет сағатында ведомство басшысы Болат Ақшолақов мәлімдеді. Жиында халықты газдандыру жұмыстары кеңінен талқыланды. 

Үш жылдан кейін елде газ тапшылығы болады. Сондықтан көгілдір отынды ең алдымен өзіміз пайдалануымыз қажет. Экспорт көлемі жыл сайын азая береді. 2025 жылы ешкімге газ бермеуіміз де мүмкін. Ал солтүстік және шығыс аймақтарға Ресейден газ тарту пысықталып жатыр.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

«Биыл келсіссөздерді аяқтайтын болсақ, екі жылдың ішінде газ облыстарға жетеді деген сөз. Ал газ тарату мәселелері оған кірмейді. Аудан, елді-мекендер арасында газ жеткізу құбырларын салу керек әлі қосымша. Өзімнің ішкі есебіммен 5 жылдан астам уақыт керек болады бүкіл нелерін жабдықтау үшін». 

Өткен жылы елімізде 166 мың адамның үйіне газ тартылды. Биыл өңірлерді көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мемлекеттен 95 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады. Нәтижесінде, 133 жоба жүзеге асады. 93 елдімекен немесе 146 мың адамның үйіне газ тартылады. 2025 жылға дейін 246 ауылды газбен қамтамасыз ету жоспарланған.

Баллонға құйып сатылатын газ бағасы жанармай станциясындағы бағамен теңестіріледі. Қазір тұрмыста қолданылатын көгілдір отын 2 есе қымбат. Ал өнім біреу. Сондықтан, болашақта баға реттеледі. Жеке үйлерді газға қосу қызметі де арзандайды.

Санжар Жаркешов, «Qazaqgaz» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:

Біз ұсынатын қызмет құны - 113 мың теңге. Ал жеке мердігерлер үйлерді 400-450 мың теңге шамасында газға қосып жүр. Бәсекелестіктің арқасында бұл қызметтің құны 3 есе арзандайды деген ойдамыз. Қазақстан бойынша бір баға бекітіледі».

Қазір табиғи газдың бағасы бақылауда. Бірақ нарықта сұйытылған газдың бағасын бекіту мүмкін болмай тұр. Шекті баға енгізу үшін заңдарға өзгерістер енгізу қажет. Бұл бағыттағы жұмыстар қолға алынды. Ал жыл соңына дейін көгілдір отынның литрі көп дегенде 2 теңгеге қымбаттауы мүмкін.

Болат Ақшолақов, ҚР Энергетика министрі:

«28 мың болса тоннасы, 36 мың болады тоннасы. Басқаша айтқанда, 1 литрі 17 теңгеден оптовый бағасы 19 теңгеге дейін көтеріледі. 2 теңге ғана. Жаңа жылдан кейін сол баға шекті баға болып есептеледі. Келесі жылдан бастап, Қазір заңға өзгерістер енгізіп жатырмыз. Сол кезде жеңілдеу болады».

Жанармай құю станцияларындағы бағаны жауапты органдар бақылауға алады. Газ құнын негізсіз көтергендер жауапқа тартылады.

Дарын Сағитов


Хабарламаларға жазылу