Алматыда құрылыс компаниясы жерді заңсыз иемденіп алған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Алматыда құрылыс компаниясы жерді заңсыз иемденіп алған

07.11.2024

Алматыда «жайлы» үй соғып береміз деп уәде еткен құрылыс компаниясы тұрғындарды алдап кетті. Тіпті, әр пәтерге бір тұрақ тегін беріледі деп жарнамалап сатқан. Осылай деп арнамызға шағымданған халық қазір артық төлеген ақшасын даулап жүр. Ал уәде етілген тұрақ сүріліп, баспананың дәл іргесінен қалаға өтетін үлкен жол салынбақ. «Sensata Group» мекемесінің құрғақ уәдесі мен мінсіз жобасына сеніп, сан соғып қалғандардың талаптары қандай? Құрылыс компаниясы әу-баста «қызыл сызықты» неге ескермеген? Айдана Қуантхан тарқатады.

Миллиондап қаржы құйған «Sensata» тұрғын үй кешенінің халқы баспана аумағында мәселе шаш етектен, дейді. Алаңда тұрған көлік тұрағы сүрілуі мүмкін. Себебі, құрылыс компаниясы жерді заңсыз иемденген. Тұрғындардың басым бөлігі, әр пәтерге бір тұрақ тегін беріледі, деген жарнаманың желеуімен осы жерден баспана сатып алған. Қазір 1 500-ден аса пәтерге небәрі 460 орын ғана бар.

Манас Махметов, қала тұрғыны:

«Комфорт» санаты деп айтылды, бәрі бекітілген. Барлық адамға кем дегенде бір тұрақтан болады деген. Көлігімізді қайда қоямыз? 

Бағлан Исақ, қала тұрғыны:

Үй сатып алар кезде, мына жерде үлкен автотұрақ болады деп уәде берген еді. Бірақ құрылыс компаниясының өкілі мына жерді қоршап алып, автотұрақ деп алдап сатып отыр.

Айдана Қуантхан, тілші:

Тұрғындардың айтуынша, автотұрақтың жарты бөлігі «қызыл сызықта» орналасқан. Егер мына жолды Ұлықбек көшесіне қосатын болса, автотұрақ аумағы қысқарып, балалар ойнайтын футбол алаңы толығымен сүріледі.

Сондай-ақ, 1 500-ден аса пәтерге небәрі 80 көлік тұрағы тиесілі болады, дейді тұрғындар. Ал «Sensata Group» компаниясының өкілі тұрғын үйді толығымен автотұрақпен қамтамасыз ету, құрылысқа дейін «қызыл сызықтың» неге ескерілмегеніне жауап бере алмады. Ал тұрақтың сүрілуіне олар да қарсы.

Исламбек Тұрғынбаев, құрылыс компаниясының өкілі:

Біздің компаниямыздан үй сатып алған тұрғындармен бірлесіп, әкімдікке арызданамыз.

Ал, әкімдік өкілдері құрылыс компаниясын айыптады. Әу-баста ескертпелерді елемеді, деп отыр.

Жанат Сайбақов, Қалалық жоспарлау және урбанистика басқармасының бөлім басшысы:

2016 жылдан бері Ұлықбек көшесі тұр. Сол уақыттан бастап жер иесі заңнамаға сәйкес рұқсатнама қағаздарын алған, басында білді. Білгеніне сәйкес, қызыл сызықты жобаның өзінде көрсетіліп келісілген. 

Былтыр Алматыдағы құрылысқа бақылау күшейтілді. 36 тұрғын үй кешені «қара тізімге» еніп, құрылыс жұмыстары тоқтатылды.

Олардың басым бөлігі жерді заңсыз иемденіп, шаһардың бас жоспарын елемеген құрылыс компаниялары, дейді әкімдік.

Айдана Қуантхан


Хабарламаларға жазылу