Мемлекетке 760 млрд теңге қаражат қайтарылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекетке 760 млрд теңге қаражат қайтарылды

12.05.2023

Заңсыз иемденіп алған 760 млрд теңге мемлекетке қайтарылды. Мұны Бас прокурор Берік Асылов бүгін активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысында айтты. Бұл соңғы 7-8 айда атқарылған жұмыстың нәтижесі деді. Заңсыз ақшаның көбі Лихтенштейн, Аустрия, Біріккен Араб Әмірліктерінен қайтарылған. Қазір өзге мемлекеттерге де 100-ден астам өтініш жолданған. Қайтарылған активтерді комиссия енді әр салаға бағыттамақ. Мәселен, салыққа түсуі тиіс 100 млрд теңгені салық органдарының шотына аударған. Одан бөлек, қылмыстық жолмен меншіктеп алған 460 мың гектар жерді жергілікті әкімдіктерге қайтарған. Ал тәркіленген дүние мүлікті қайда жіберу керегі әлі талқыланып жатыр. Қайтарылған активтердің ішінде елге белгілі Қайрат Сатыбалдыұлы мен Болат Назарбаевтың меншігінде болған ақша да бар.

Зейін Әліпбек, Активтерді қайтару бойынша ведомствоаралық комиссияның ресми өкілі:

Қайрат Сатыбалдыға байланысты ондаған млн әшекей заттары қайтарылды. Комиссия жұмысқа кіріскелі 760 млрд теңгедей болса, соның 360 млрд теңгесі мемлекетке келген тікелей залал. Қылмыстық істердің басты фигуранттары 172 млрд теңгені өз еріктерімен қайтарды.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу