Алматыда тауық етінің бағасы бекітіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының құнын тұрақтандыру мақсатында «Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Алатау-құс» құс фабрикасымен келісімшарт жасады. Жұмыртқа бағасын да қымбаттатпай, тұрақты бағада ұстау жоспарланған.
Бұдан былай «Алатау-құс» фабрикасы фирмалық және үй жанындағы дүкендерге жеткізетін өнімнің әр келісін 1100 теңгеден асырмауы тиіс. Келісімшарт бойынша, компания 24 ай ішінде 1800 тоннадан аса құс етімен қамтамасыз етеді.
Азизжан Тұрғанов, «Алматы» ӘКК департамент директоры:
Біз ай сайын жеңілдетілген несие беруге өтініш қабылдаймыз. Оған кез келген өндіруші мен шағын және орта бизнес қатыса алады. Бөлінген қаржы шикізат сатып алуға, алдағы уақытта өнімді тұрақты жеткізіп тұруға жұмсалады.
Сондай-ақ Алматыда жұмыртқа бағасы да бекітіледі. Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы «Сары-Бұлақ» компаниясымен келісімге келген. Өндірушілер алдағы 3 жыл ішінде ай сайын 2 млн 400 мың дана 1-санаттағы жұмыртқамен қамтамасыз етеді. Өнімдер мегаполистегі ірі сауда үйлеріне, фирмалық және азық-түлік дүкендеріне жеткізіледі.
Ботагөз Есенова,«Сары-Бұлақ» ЖШС бөлім меңгерушісі:
Біздің компанияның жұмыртқалары танымал болады. Біздің фабрикадан 51 теңгеден жіберіледі. Дүкенде 15 пайыз қосылып 10 жұмыртқаға 580 теңге сомасында болады.
«Алматы» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының негізгі бағыттарының бірі - азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Сондай-ақ оператор кәсіпкерлікті дамыту және қаланың әлеуметтік маңызды міндеттерін шешуді қолға алған.
Қуан Нұрақын