АҚШ-тың келесі президентінің сыртқы саясаттағы ұстанымы қандай болмақ? Дональд Трамп немесе Камала Харрис президенттік билікті қолға алса, Американың Орталық Азиямен, әсіресе Қазақстанмен арадағы байланысы қалай өрбиді? Вашингтонда бас қосқан америкалық сарапшылар осы сауалдарға жауап іздеді.
АҚШ жылдар бойы қалыптасқан сыртқы саясатын күрт өзгертетін мемлекеттердің қатарында емес. Сондықтан сарапшылардың пікірінше, жаңа президент сайланса да, елдің сыртқы ұстанымында бірізділік сақталады. Яғни негізгі стратегиялар өзгеріссіз қалады.
Камран Бохари, «Newline institute» сараптамалық даму институтының директоры:
Менің ойымша, елеулі айырмашылық бола қоймайды. Себебі бір де бір президент әкімшілігі қарым қатынасты жаңадан бастамайды. Яғни сыртқы саясатта сабақтастық көп. Сол себепті, Харрис немесе Трамп билікке келсе де байланыстарға тың леп беру үшін стратегиялық қайта ойлануы керек болады. Мұндай қадамға барса, қуанар едім. Бірақ іс жүзінде АҚШ саясатында ол бірден бола қоятын іс емес.
Дегенмен геосаяси текетірестер АҚШ-ты Орта Азиямен арадағы қарым қатынасқа жаңаша қарауға мәжбүр етті. Оның ішінде Орта дәліз Транскаспий халықаралық көлік жолы кез келген Ақ үй басшысын өңірмен байланысын күшейтуге итермелейді дейді сарапшылар. Бұл орайда мамандар жаңа президент нақты қадам жасап, Орта Азияға ресми сапармен баруы тиіс деп отыр.
Ричард Хогланд, АҚШ-тың Қазақстандағы бұрынғы елшісі (2008-2011):
Жаңа президент міндетті түрде өңірге барып, үкімет деңгейіндегі тұрақты байланысты арттыруы тиіс. Сондай-ақ аймақ президенттерін Вашингтонға ресми сапармен келуге шақыру керек. Айта кетейік, АҚШ-тың бір де бір президенті Орталық Азияға барған емес. Бізден өңірге барған ең лауазымды тұлға вице-президент Альберт Гор еді. Онда да оның сапары 90-шы жылдардың басында болды.
Сондай ақ, сарапшылар Орта Азия елдерімен байланысты тереңдету үшін Транс-Каспий өңірлік кеңсесін құруды ұсынып отыр. Бұл қадам өңірдің АҚШ-тың сыртқы саясатында маңызды орында тұрғанын көрсетпек. Әрі мамандардың айтуынша, арнайы кеңсе аймақпен ұзақ мерзімді дипломатиялық және экономикалық қарым-қатынастарды ширатуға сеп болар еді.
Жалғас Сәдібекұлы