Қостанайда шаруалар несиені өтей алмай отыр - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қостанайда шаруалар несиені өтей алмай отыр

04.11.2024

Былтыр жауын-шашыннан қатты зардап шегіп, қарызға шаш етектен батқан шаруалар әлі қаржы мәселесін толық шеше алмай отыр. Аграрлық кредит корпорациясынан шаруалар 11,9 млрд теңге жеңілдетілген несие алған екен. Соның тең жартысын 1-желтоқсанға дейін төлеулері керек. Ал бүгінде небәрі 2 пайызын ғана, яғни 182 млн теңгесін өтеген. Диқандар қарызды өтемесе, кепілге қойған дүние-мүлкінен айырылуы мүмкін.

Марат Ахметов, фермерлер одағының басшысы:

Енді күтеміз, не істейміз амал жоқ. Бәрімізде үкіметке қарап отырмыз. Корпорация тағы да пролонгация істей ме, әлде бірінші желтоқсанға дейін алған қарызды жабу үшін келісімге отырамыз ба әлі білмейміз.

Ибрагим Бекмұхамедов, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

Санкциялар бойынша айтсақ, барлық міндеттеме келісімшартта көрсетілген. Тіпті, форвордтық сатып алу бойынша да міндеттемесін орындамаса, сот арқылы күштеп төлету шаралары қолданылады.

Ал аграрлық несие корпорациясы бұл мәселені назарға ұстап, қарастырылып жатқанын және алдағы уақытта нақты шешімін айтамыз деп жауап берді. Диқандардың мәселесі ұлттық арна назарында болады.


Азамат Бейбітұлы

Хабарламаларға жазылу