«Астана балет» театрының ұзақ гастролі Минсктен басталады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Астана балет» театрының ұзақ гастролі Минсктен басталады

12.06.2017
«Астана балет» театрының ұзақ гастролі Минсктен басталады

«Астана Балет» театры көп ұзамай Беларусь, Бразилия мен Түркия қалаларында жас та өршіл жаңа көрерменімен жолығады. Театрдың жазғы гастролі Минсктегі «Балетное лето в Большом» Халықаралық фестивалінен басталмақ. Беларусь, Ресей, Польша мен Германия жұлдыздары қатысатын Балет өнерінің фестивалі маусым айының 11 мен 18 аралығында Ұлттық академиялық Үлкен опера және балет театрында өтеді.

«Біздің басты мақсатымыз – жақсы өнер көрсетіп, шет елдік көрерменді баурап алып, еліміздің бай мәдениетін паш ету. «Әр жердің салты басқа» демекші, әр елдің көрермені әртүрлі. Ал, енді, театрымыздың жанрын ескерсек, ол бәріне бірдей ұнайды. Біздің гастрольдік бағдарлама фестиваль талаптарына сәйкес жасалған, себебі, көрерменіміз де алуан түрлі болмақ. Қазақстанның балет өнерін әлемдік сахналарда жоғары дәрежеде көрсету үшін бар күшімізді саламыз», - дейді, театр директоры Валерий Күзембаев.

Фестивальде балет әртістері өз репертуарындағы жарқын қойылымдарды көрсетеді. Оның ішінде: «Алуан-түрлі би», «Gaia», «Love Fear Loss», «Баяу жалын», «Кармен», «Сағым сәттері» қойылымдары бар.

«Шетелдік сапарларымызда біз ұлттық хореография өрнектерін де міндетті түрде көрсетеміз. Осыған орай арнайы дайындалған «Ұлы Дала мұрасы» атты бағдарламамыз бар. әдетте, ұлттық нақыштағы бағдарлама алғашқы сәттен көрерменнің жүрегін баурап алады. Гастроліміздің бірінші күні көрсетілетін «Astana Ballet GALA» бағдарламасы болса, театр репертуарындағы үздік қойылымдардың үзінділері. Отандық және шет елдік хореографтар қойған бұл спектакльдерде қазіргі заманғы би тенденциялары мен трендтері көрініс тапқан. Авторлар қазақ композиторларымының, этно-фольклорлық топтардың музыкасын, заманауи композиторлардың өңдеуіндегі қазақ халық музыкасын кеңінен қолданады», - дейді, театр директоры.

Бұдан соң, 28-маусым мен 21-шілде аралығында астаналық труппа алғаш рет Бразилияның ірі қалаларына сапар шегеді. Сан-Пауло, Рио-де-Жанейро, Гояния, Ресифи, Натал, Форталеза мен Рибейрао-Прето қалаларында театр ұлттық және заманауи хореографияның үздік нөмірлерімен өрнектелген жаңа бағдарламасын паш етеді. Шілденің бірі мен екісі күндері театр өз қойылымдарын Гояс штатының астанасы, екі миллион тұрғыны бар Гояния қаласында өтетін Халықаралық би фестивалінің аясында көрсетпекші.

Тамыз айының басында қазақстандық балет труппасы Бодрум (Түркия) қаласында өтетін 15-ші Халықаралық балет фестиваліне қатысады. Гастрольдердің арасында балет әртістері Халықаралық «EXPO 2017» көрмесіне де қатысып, астаналық көрерменге өнерлерін ұсынбақ.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін балет труппасы Мәскеу, Париж, Бейжің, Токио, Сеул,    Нью-Йорк, Баку, Варшава, Вена сахналарында өнер көрсеткен.

 

Хабарламаларға жазылу