Осы аптада Қ.Тоқаев Қазан қаласында өткен БРИКС жиынына барды. «БРИКС плюс»/оutreach форматындағы басқосуда сөз сөйледі. Бұл ұйымға мүшелікке өту таразыға салынып жатқаны да хабарланған. Әзірге - жоқ. Мүше болуға өтініш берген жоқ.
Президент пікірінше, БРИКС-тің көпжақты күш-жігері әлемде әлі де баламасы жоқ әмбебап құрылым саналатын БҰҰ қызметін толықтыра түседі. Ал сөзінен цитата мынадай:
–Біз Еуразияның тең әрі біртұтас қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты Ресейдің тұжырымдамасын жоғары бағалаймыз. Оның түп негізінде өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайту арқылы геосаяси қысымды төмендету ниеті жатыр. Қазақстан Қытайдың халықаралық тұрақтылықты сақтау, егемендікті қорғау, қақтығыстарды бейбіт жолмен шешу және көпқырлы тәсілдерді қолдану арқылы жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бастамасын қолдайды. Сондай-ақ еліміз Қытай мен Бразилияның Украина жөніндегі бейбіт жоспарын құптайды.
Бейнелеп айтқанда «бұл ұйымның дирижері - Қытай» деп аталады, ал Қазан қаласында ұйымдастырылған САММИТ-ке 36 елдің өкілі және 6 халықаралық ұйымның жетекшілері қатысыпты, сондай-ақ жоғары деңгейдегі 20-ға жуық делегация барған.
Айта кететін дүние - Президенттің осы сапары аясында Татарстан астанасында Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш ашылды. Авторы қазақ мүсіншісі Нұрбол Қалиев.