Өзбекстандағы Самарқан мемлекеттік университетінде Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық ашылды. Оқу ордасында енді қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі жұмыс істей бастайды. Мақсат – екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту, Ұлы Абайдың әдеби мұраларын насихаттау.
Университетте ашылған орталық бауырлас елдегі студент жастардың қазақ тілін үйренуге деген қызығушылығын арттыруға сеп болмақ. Оқу орнындағы салтанатты шарада Қазақстанның Өзбекстандағы елшісі осыны айрықша атап өтті.
Бейбіт Атамқұлов, Қазақстанның Өзбекстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
Абайдың есімі біз үшін әрдайым даналық ұғымымен қабысып жатады. Осы ретте қазақ тілі бөліміне алғашқы болып қабылданатын жастарды құттықтағым келеді. Өзге елдің тілін үйреніп, дәстүрімен танысу адамға рух береді. Пәлсапалық тұрғыда ойлауға жетелейді.
Орталықтың жұмысын Алматыдан арнайы келген маман жүргізеді. Ал қазақ тілі мен әдебиеті бөлімі алдағы уақытта студенттерді қабылдауға әзір. Жастар мұнда білім алып қана қоймай, түркітілдес халықтар арасындағы достық пен өзара түсіністік қарым-қатынасты дамытуға қызмет етпек.
Болат Тілеп, Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университетінің ректоры:
Түбіміз ортақ түркі тілі болғасын бұл бағыттағы біздің жұмысымыз өте нәтижелі болады деген ойдамыз. Жалпы қазірдің өзінде бөлімге келуге қызығып жатқан студенттер бар, бұл бізді өте қатты қуантады.
Бұл екі елдің білім мен мәдениет саласындағы байланысын дамыту жолындағы маңызды қадам десті жиналғандар. Абай атындағы ғылыми-мәдени орталық пен қазақ тілі және әдебиеті бөлімінің ашылуына Қазақстан Елшілігі мен «Отандастар қоры» бастамашы болды.
Базаркүл Отыншиева