Адамзатты коронавирустан да қауіпті қасірет күтіп тұр. Неміс ғалымдары 2050 жылға қарай антибиотиктің кесірінен, 40 млн-ға жуық адам көз жұматынын айтып дабыл қақты. Қуаты күшті дәріні негізсіз ішіп, иммунитетін әлсіретіп алғандар қазірдің өзінде көп. Жыл сайын 35 мың адам көз жұмады. Әлемді алаңдатқан мәселе Қазақстанда қалай шешіліп жатыр? Отандық мамандармен Айя Мүтәлі тілдесті.
Иә, әлемге төнген қауіп біздегі мамандарды да алаңдатып отыр. Себебі, елімізде әлі күнге антибиотикке қол жеткізудің жолы жеңіл. Кей дәріханаларда дәрігердің нұсқауынсыз-ақ сатылып жатыр.
Фариза Нұрымбектова, Клиникалық фармаколог:
Егер де біз антибиотикті қате пайдалануды тоқтатпасақ, бізде короновирустан да қауіпті дәуір күтіп тұр.
Антибиотикті әсіресе, балалардан аулақ ұстаған жөн. Алайда, кішкентай сәбиін осы препаратпен өз бетінше емдейтіндер де бар. Дәрігер қарауына келген 5 ата-ананың бірі сондай.
Нәзерке Мұқатаева, дәрігер-педиатр:
Көбінесе аналар өздері дәріханаға барып сатып алатын жағдайлар болады. Вирусты процесс, мұрыннан су ағу, үш күнде немесе температура үш күнде көтерілсе, мысалы ол вирустық процесс болса да бактериалды процесс ойлап, өздері алып ішеді. Баласына береді.
Ал ата-ананың көбі мұны дәрігердің біліксіздігінен көріп отыр. Қит етсе, антибиотик ішуге кеңес беретін ақ халаттылар көп дейді.
Министрлік нарыққа бақылау жүргізу үшін былтырдан бастап 2027 жылға дейінгі арнайы бағдарлама бекіткен. Яғни, заң бойынша дәріні дәрігер рұқсатынсыз сатуға болмайды. Десе де, кей науқас интернет-дүкендерден тапсырыс беретін болған. Сондықтан жауапты ведомство жақында онлайн сату жолын реттейтін арнайы нормалар енгізбек.
Ләззат Есбатырова, ҚР ДСМ дәрілік саясатты жетілдіру департаментінің директоры:
Бізде дәріханаларға арнайы бақылау жүргізетін орган бар. Егер дәріхана антибиотикті рецепсіз сатқан жағдай тіркелсе, айыппұл төлейді. Мұндай дәріханалар тіпті лицензиясынан да айырылуы мүмкін.
Ал негізсіз антибиотик тағайындаған дәрігердің ісі жеке-жеке қаралады. Мұндай жағдайда қызмет көрсеткен медицина ұйымына айыппұл қарастырылған. Тіпті ақ халатты жұмысынан шеттелуі мүмкін.
Айя Мүтәлі, тілші:
Жалпы әлем ғалымдары қауіптің алдын алу үшін бұл препаратты ішуді қажет ететін микробтың таралуына жол бермеу қажет дейді. Әсіресе, халық жиі демалатын Грекия, Португалия, Түркия, Үндістан сынды мемлекеттерден сақ болған жөн. Ол үшін шекарадағы бақылауды күшейтуді ұсынады.
Айя Мүтәлі