Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Мемлекет басшысы мемлекеттік наградалар мен сыйлықтарды табыстады

23.10.2024
0:00:00
0:00:00

Ұлттық мереке қарсаңында Мемлекет басшысы бірқатар ел азаматтарына мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар табыстады. Биыл тұңғыш рет медицина саласының үздіктеріне «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Жоғары марапатты тағайындау кезінде қарапайым еңбек адамдарына басымдық берілген. 

Әдетте саяси шаралар өтетін Ақордада бүгін мерекелік-көңіл күй. Ел дамуына өлшеусіз үлес қосқан бір топ азамат мереке қарсаңында президент қолынан марапат алды.

Жоғары наградаға ие болғандардың бірі – академик Асқар Жұмаділдаев. Еңбек жолын қарапайым математика пәнінің мұғалімі болып бастаған ғалым осыдан тура 34 жыл бұрын Қазақстанның алғашқы декларациясын қабылдауға атсалысқан. Бүгін ол «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алды. Алтын жұлдыз бен «Отан» орденін кеудесіне тақты.
Асқар Жұмаділдаев, ҚР Ұлттық ғылым академиясының вице-президенті:
Ғылымды жоғары дәрежеге жеткізіңдер, бұрынғы қалпына келтіріңдер деп тапсырма берді. Мен сол тапсырманы орындаймын. Осы бағытта барлығымыз аянбай жұмыс істейміз. Бұл біз үшін үлкен мәртебе. Мақтаныш және ілгері қарай жұмыс.
62 жастағы Гүлжанар Нұрпейісова да «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды. 25 жылдан бері зағип жандарға математикадан сабақ береді.
Гүлжанар Нұрпейісова, Алматы қаласы №4 арнайы мектеп-интернатының мұғалімі:
Қарапайым мектеп мұғаліміне деген құрмет деп ойлаймын. Соңғы кезде мұғалім мәртебесін көтеру туралы міне үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде елеулі еңбегімізді бағалап, марапатқа ие болып жатырмыз.
Медицина қызметкерлерінің де мерейі артты. Тұңғыш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» атағы берілді. Жоғары марапатты алғашқылардың бірі болып алған Абай Байгенжиннің қуанышында шек жоқ. Өзі жарты ғасырдан аса дәрігер-хирург болып еңбек еткен.
Абай Байгенжин, Ұлттық ғылыми медициналық орталығының басшысы:
Тек қана менікі емес, мыңдаған дәрігерлер, біздің медициналық қауымдастықтың таңертеңнен кешке дейін күндіз-түн демей, жас қыс демей еңбек етіп жүрген менің әріптестерімнің барлығының наградасы.
Қарағандыдағы шахта апатында өз әріптесін құтқарып қалған кеншінің де бүгін ерлігі еленді. Оқиға осыдан бір жыл бұрын болған. Шахтерға ол күнді еске алу оңай емес.
Еркін Ахметов, кенші:
Үйінділер астында қалып қойған әріптесімізді құтқардық. Қорқыныш болғаны рас. Дегенмен, ес түссіз жатқан әріптесіміздің өмірін құтқарып қалу маңызды болды. Кез келген адам ойланбастан осындай қадамға барады деген ойдамын.
Бүгін Абай атындағы әдебиет пен өнер саласындағы мемлекеттік сыйлық та табысталды. Арнайы награда ерлі-зайыпты Әлібай Бапанов пен Сәуле Бапановаға бұйырған. Олар 40 жылдан бері сурет өнерін дәріптеп жүр.
Әлібай Бапанов, суретші:
Көшпенді фрескалары, әлем оюлары сол серияда топтамамыз жасалған. Үлкен бағаға ие болып отыр. Бұл қазақтың дәстүрлі тоқымасы, оның замануи қалыптағы көрсетілген.
Еріктілердің де еңбегі еленді. «Есірткісіз болашақ» қорының жетекшісі Жандос Ақтаев, бүгін Президент қолынан медаль тақты. Қорда 2 мыңнан астам ерікті жұмыс істейді. Олар мемлекеттік органдармен бірлесіп бүгінге дейін есіркі саудасын жүргізген 4000-ден астам онлайн дүкенді бұғаттаған.
Жандос Ақтаев, ерікті:
Апта сайын біз мыңнан астам 8-7 мыңдай түрлі объявленияларды саралаймыз. Оны да тексеріп жатырмыз. Жастармен жұмыс істеу барысында біз тренингтар өткіземіз. 
Айя Мүтәлі, тілші:
Марапат алғандардың арасында 137 мұғалім, 80 ғалым, жүзге жуық құтқарушы мен ерікті, 450-тен астам жұмысшы бар. Сондай-ақ, теміржолшы, диқан, дәрігер, ұстаздық жолын ұрпақтан ұрпаққа жалғастырып келе жатқан еңбек әулеттері де сый-құрметке бөленді. Бұл – қарапайым еңбек адамының мәртебесін асырып, қоғамдық абырой-беделін көтеруге айрықша мән берілгенінің көрінісі.

Айя Мүтәлі

Хабарламаларға жазылу