Астанада жаны жомарт, қолы ашық меценаттар мен қайырымды жандар бас қосты. Бірі су тасқыны кезінде тұрғындарға жан-жақты көмек көрсетсе, енді бірі аз қамтылған көпбалалы отбасылардың жайын күйттеп жүр. Арасында ерекше балаларды қатарына қосу үшін үлес қосып жүргендер де бар. Мәдениет және ақпарат министрлігі Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы солардың бір парасына Қайырымдылық саласындағы құрметті атақты табыстады. Еліміздің әр өңірінен келген 31 адамға құрмет көрсетілді. Шара биыл екінші жыл қатарынан өткізілді. Қазір елімізде 1300-ден аса қайырымдылық мекемелері бар. Олардың дамуына министрлік тарапынан ұдайы көмек көрсетіліп тұрады.
Елдар Сапаров, Мәдениет және ақпарат министрлігінің азаматтық қоғам істері комитеті төрағасының орынбасары:
148 конкурсант қатысқан. Олардың жалпы алғандағы қайырымдылық көрсеткен мөлшері 39 миллиард теңгені құрап отыр. Негізгі қатысушылардың басым бөлігі осы көктемгі су тасқыны кезінде 10 өңірде сол зардап шеккен азаматтарға үй құрылысын жүргізу, күнделікті заттарды беру сияқты түрлі көмек көрсеткен.
Толқын Балқыбаева, «Дара жүрек» қоғамдық қорының басшысы:
Өзім ерекше баланың анасымын. Өзім сияқты ерекше балалардың мәселелерін қозғап, олар үйде отырмайтындай бір қабілетін ашып, өзінің болашақта нанын тауып жейтіндей әрекет жасап, осындай оларға орталық ашуға әрекет етіп жатырмыз.
Асылбек Данияр