«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта енгізіледі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

«Қазақстанның халық әртісі» атағы қайта енгізіледі

21.05.2022

Президент «Қазақстанның халық әртісі» құрметті атағын қайтару туралы тиісті министрлікке тапсырма берді.

Бүгін – Қазақстанның мәдениет және өнер қызметкерлері күні. Мемлекет басшысы сала мамандарын кәсіби мерекесімен құттықтады. Қасым-Жомарт Тоқаев твиттердегі парақшасында «Ел идеологиясы мен жаңғыруында орны айрықша осы саланың барлық майталманын құттықтаймын! Сіздерге шығармашылық табыс тілеймін!» деп жазды.

Сонымен бірге Мемлекет басшысы бірқатар азаматқа «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» құрметті атағын беру туралы жарлыққа қол қойды. Елге белгілі өнер адамдары мереке қарсаңында «Халық әртісі» құрметті атағының қайта енгізілетінін құптап отыр. Бастысы атақ халықтың бағасы мен батасын алған азаматтарға берілу керек деп санайды.

Тұңғышбай Жаманқұлов, театр және кино актері, Қазақстанның халық әртісі:

Өнердің бағаланғаны дұрыс. Өнер деген мемлекеттің маңдайындағы алтын тәжі деп есептеуге болады. Өте-мөте құптарлық жаңалық. Үлкен тұлғалыққа жеткенде, бүкіл халыққа әйгілі болғанда, үлкен образдар жасап, суреткерлік биіктікке жеткен адамдарға «Халық әртісі» атағын беру керек деп ойлаймын.

Лидия Кәденова, театр және кино актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі:

Өнердегі еңбегі бағаланып, үлкен атақ алып жатқан әріптестерімді құттықтаймын. Әр адам өз саласында адал еңбегін жасап, бүкіл халықтың өміріне, жағдайына үлесін қосып жүрсе, ол керемет болар еді.


Хабарламаларға жазылу