83 жастағы шымкенттік қарияның спорттағы жетістіктері жастарға үлгі - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

83 жастағы шымкенттік қарияның спорттағы жетістіктері жастарға үлгі

21.10.2024

Шымкенттік Тәліпбек Әлжанов жасы 83-ке келсе де, спорттық бабымен көпті таңқалдырып келеді. Шымыр да сергек қария күш сайыстырудан Азияның 10 дүркін чемпионы. Әлемдік бәсекенің алтын және күміс медалін еншілеген спортшы.

Қария осылай аптасына 4 күн арнайы залға барып жаттығады. Оның өзі кейде 4 сағатқа дейін созылады. Қимыл қозғалысындағы жылдамдықты жоғалтып алмау үшін алдымен бокс қабымен жұдырықтасады. Сонан соң күш қайратты арттыратын түрлі жаттығуларға кіріседі.

Тәліпбек Әлжанов, қала тұрғыны:

Ауыр заттарды тонналап көтереміз. Гантель бар. 10-нан 18 келіге дейін барам. Келесі айда 20 келіге ауыссам деймін. Басқа спорттық снарядттар бар. Әрқайсысы 70-80 келі. Мәселен, аяққа салмақ салу. Оның өзін 150 келіден бастау керек.

Жастық шағында бокстан спорт шебері атанған Тәліпбек қария пауэрлифтингпен 30 жылдан бері айналысып келеді. Жасы ұлғайғанымен әлі күш қайраты қайтпаған қария жаттығу арасында бойында бұла күші бұлқынған жастармен қол күрестіріп алатыны да бар.

Дәурен Жандарбеков, жаттықтырушы:

Базалық силовой жим лежа, присидание соо штангой сияқты, становая тяга сияқты қимыл базалық жаттығуларымызды жасай береді. Кейбір жастар жасай алмайтын жаттығуларды жасайды.

Тәліпбек Әлжанов күш сайыстыру спортынан Қазақстаның 16 дүркін абсолютті чемпионы. Осыдан екі жыл бұрын әлемнің 40 елінен келген 600-ден астам спортшымен күш сайыстырып, алтын және күмістен алқа тақты. Бұл сайыстарда ол 185 келі зілтемірмен еркін отырып-тұрып және 192 киллограм темірді жерден көтерген.

Тәліпбек Әлжанов, қала тұрғыны:

Денсаулық, сонан соң спорттық күшіңді, талабыңды көрсетіп тұрсаңыз көпшілікке тәлім боласыз. Өйткені сізбен қатарлассам дейді. Бұл деген үлкен мақтаныш қой. Бұл деген адамдарды спортқа үгіттеудің бір түрі.

Сексен жасында сергек жүрген қария ұзақ жыл мәдениет саласында еңбек еткен жан. Театр да басқарған, облыстың мәдениет саласына да жеткешілік еткен. Еріншектік пен ерік-жігерін жеңе білген жан спорттың арқасында бүгінде қарттыққа мойынсұнбай, жастарға үлгі болып келеді.

Ғани Қалмаханов

Хабарламаларға жазылу