Талдықорған маңында сақ патшаларының обасы табылды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Талдықорған маңында сақ патшаларының обасы табылды

18.10.2024

Талдықорған маңында сақ дәуіріне жататын обалар табылды. Дауылбай қорымында жүргізілген қазба жұмыстары барысында археологтар ол жерге сақ патшалары жерленгенін айғақтайтын құнды жәдігерлерге тап болды. Мамандар тарихымызға жаңалық болатын дүниелер аз емес екенін айтады. Қорымда қандай артефактілер табылғанын алғашқылардың бірі болып әріптесім Қуаныш Қанатұлы көріп қайтты.

Дауылбай қорымында сақ дәуіріне жататын 11 оба қаз қатар тізіліп тұр. Былтыр бір оба тоналғаннан кейін ескерткіштерді қорғау орталығы мамандар шақырып, зерттеу жұмыстарын жүргізе бастады. Нәтиже де жаман емес. Биыл тағы бір обадан әйел мен баланың қаңқасын табылды. Олардың жанында алтын мен қоладан жасалған әшекей бұйымдар шыққан. Жәдігерлерге қарап археологтар бұл жерде сақ патшаларының әулеті жерленген деген болжам айтуда.

Хамит Айтқұл, археологиялық экспедиция жетекшісі:

 Бұл енді қарапайым қатардағы емес, жоғарыда айтып кеттім ғой. Патшалық обалар тізбегі. Бұларда үш оба қазылды ғой. Үш обаның үшеуінде үш түрлі конструкциямен жасалған. Бұл дегеніміз енді жыл аралықтары да өзгеріп отырады.

Зерттеушілер обаның маңынан тағы бір ер адамның қаңқасын тапты. Сүйектердің басым бөлігін бір жерге үйіп тастаған. Мамандардың айтуынша бұл жерде жерленген адам сол сақ патшаларының қызметшісі болуы әбден мүмкін.

Серікжан Ыдырышұлы, археологиялық экспедиция мүшесі:

Дәл қазір мына қазып отырғанымыз сол кезде тоналып кеткен қорым. Сүйектері ірі. Сосын орта жасы 25-30 жас аралығында. Тістері толық.

Табылған жәдігерлер мен қаңқаларды археологтар бірден зертханаға жіберіп жатыр. Кейбір заттарды жаңғырту мақсатында кәсіби рестовраторларға беріп қойған.

Қуаныш Қанатұлы,тілші:

Жуырда ғана осы сақ обасынан табылған жәдігерлердің бірі мына менің қолымдағы құмыра. Мұны да археологтар ерте темір дәуіріне немесе сақ дәуірне жатқызып отыр. Ал толық зерттеулер жүргізілгеннен кейін нақты қай заманға тиесілі екені анықталатын болады.

Дауылбай қорымынан табылған жәдігерлер Жетісудың бай тарихын тереңдете түспек.

Ғалымжан Оспанов, Жетісу облысының тарихи-мәдени мұраларын қорғау орталығының директоры:

Археологиялық зерттеулер бойынша конференция берейін деп жатырмыз. Сол конференцияда жаңағы табылған дүниелердің бәрін көрсетіп, және сол дүниелердің бәрін облыстық Тынышбаев атындағы музейге тапсырсақ па деген жоспар бар.

Археологтар қазған обалардың бәрін қайта көміп, консервациялап кетпек. Мұндағы мақсат сақ мәдениетінен сыр шертетін ескерткіштерді қаз-қалпында сақтап қалу.

Қуаныш Қанатұлы


Хабарламаларға жазылу