Бүгін Алматыда Орта Азиядағы ең ауқымды «BeWoman» форумы өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Бүгін Алматыда Орта Азиядағы ең ауқымды «BeWoman» форумы өтті

17.10.2024

Қазақстанда әйелдердің іскерлігі, көшбасшылық танымалдығы артып келеді. Қыз-келіншектердің жетістігі түрлі салада байқалып жүр. Бүгін Алматыда Орта Азиядағы ең ауқымды форум өтіп, 3 мыңнан астам әйелдің басын қосты. «BeWoman» басқосуында табысқа жетіп, сәтті кәсіп жүргізетін 50-ден астам спикер көшбасшылық, инновация, қаржылық сауаттылық, теңдік және әйел денсаулығы тақырыптарын талқылап, ұтымды ұсыныстар айтты.

Мәрия Мәлікқызы 10 жылдан бері зергерлік бұйымдар өндірумен айналысып келеді. Әдімелікті әйелмен байланыстыратын кәсіпкер – аяулы жар, 5 баланың ардақты анасы. Бүгінгі форумға Шымкент қаласынан арнайы келген.

Мәрия Мәлікқызы, кәсіпкер:

Бизнесте жүрсе де, үйде отырса да, ол әйел ғой. Бір-біріне қолдауы керек. Керемет жетістікке жеткен әйелдердің берер кеңесі көп.

Ауқымды форумға алыс-жақын шетелден 50-ден астам спикер келді. Әр әйел – өзінше әлем. Өз атын қалыптастырып, алпауыт бизнес құрған білікті жандар. Олар күні бойы гендерлік теңдік, бизнес пен бала тәрбиесіне қатысты өзекті мәселелерді талқылады. Өздерінің қиындығы мен қызығы қатар жүрген жетістік құпиясымен бөлісті.

Аюми Мур Аоки, «Women in tech» қозғалысының негізін қалаушы:

Осындай алаңдар әйелдердің дамуына керемет серпін беріп, түрлі пайдалы қауымдастықтар құруға мүмкіндік ашады. Мұндай форумнан кейін көптеген қыз-келіншек мансабын ауыстырады, өмірін өзгертеді. Бүгінгі форумда мыңдаған әйел жиналыпты, кәдімгідей үлкен энергетика сезіледі.

Ұлттық құндылықты бойына сіңірген ұрпақ – мемлекеттің болашағы. Бала тәрбиесіне, әйел теңдігіне терең бойлай отырып, біз ел дамуына ат салысамыз дейді форумда сөз сөйлеген Светлана Айтбаева.

Светлана Айтбаева, әнші, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері:

Анасының әлдиін қазақ тілінде тыңдай алмаған бала толыққанды өзінің тілін, бүкіл ұлттық болмысын, тарихын, дәстүрін санасына сіңіріп өседі дегенге мен сенбеймін. Осыған баса назар аудару керек деп айтамын.

Ұлттың болaшaғы – ұрпaғындa болca, ұрпaқтың тәрбиеcі – табысты, бақытты ананың қолында дейді форумға жиналғандар. Күні бойы көшбасшы қыз-келіншектердің кеңесін тыңдаған мыңдаған қазақ әйелі шабыт алып, жетістікке жетудің құпия-сырына қанықты


Жазира Оразқызы


Хабарламаларға жазылу