Шымкентте ұлттық құндылықтарымыз аяқ асты болғалы тұр. Өйткені жергілікті билік еліміздегі жалғыз салт-дәстүр мен әдет-ғұрып орталығын арнайы салынған ғимаратынан көшіріп, ішін бұзуға кірісті. Енді бұл жер көршілес Түркістан облысы әкімдігінің мегаполистегі кеңсесі болмақ.
Орталық жылы орнынан көшкелі ешкімнің қолы жұмысқа баратын емес. Он шақты күн бойына әрең тасып алған дүниелердің бәрі буулы күйінде жатыр. Көшпелі халықтың тұрмыс-тіршілігін паш ететін киіз үйдің қазір қаңқасы ғана тұр. Алтыбақан, диірмен, күбі, ер-тұрман мен сырмақ, алашалар секілді 600-ден астам жәдігер де әлі өз орнын таппаған.
Гүлшат Жаһанқызы, Орталықтың қызметкері:
Зат тасып жатқан күні осындағы қыздарымыздың иығына гипсокартондар құлап жатты. Әдемі жұмыстар, келушілерімізге ой салып қызығатын дүние аттарымызды сындырып алып тұрмыз. Бұлардың барлығы миллиондарға келген дүниелер.
80-ге жуық қызметкері бар орталық қазір «Түркістан» концерт залының қос қанатына жайғасқан. Бұл – мәдени шараларда көрермендер залына кіріп шығатын дәліздер.
Ғани Қалмаханов, тілші:
Орталықтың он жыл бойына тірнектеп жиған ұлттық жәдігерлері қазір концерт залының фоэсінде мынадай боп шашылып жатыр. Оларды жинақтап, жайып қойғанымен, мұнда әрі қарай жұмыс істеуге ешқандай мүмкіндік жоқ. Өйткені ғимарат жылымайды. Ал шатыры мынадай боп опырылап құлап тұр.
Туристерді тамсандырған, балаларға ұлт болмысын танытқан орталықты құрылысшылар әп-сәтте талқандап тастады. Этно-дизайн сәулетіндегі ғимараттың әзірге тек сырты ғана бүтін. Ол кезінде өлкетану мұражайы, атшабар, қазақ хандығының ескерткіші мен Наурыз алаңы бар этносаябақтың құрамдас бөлігі ретінде салынған болатын.
Күлия Айдарбекова, Мәдениет саласының ардагері:
Салт-дәстүріміздің қыспаққа алынып, ғимаратынан көшіп жатқаны, басқа жақта жүргені бұл руханиятқа, болашағымызға жасалып отырған қиянат.
Орталықты өз шаңырағынан мәжбүрлеп көшіруге себеп болған – Түркістан мен Шымкенттің бір-бірінен ірге ажыратуы. Екі аймақ қайта енші бөліскенде мегаполис руханият ордасын өзге ғимаратқа ауыстырып алған.
Бауыржан Орынтаев, Мәдениет, тілдерді дамыту және архивтер басқармасының басшысы:
Домбыра мүсінді үлкен, қаланың ең биік жерінен ғимарат салынуда. Осы ғимарат арнайы салт-дәстүр орталығына арнап салынбақшы. Сол себепті Түркістан сарайына орналастырдық. Бұл әрине уақытша.
Мәдениет басқармасы күйі кеткен Түркістан концерт залын жөндету үшін енді қазынадан қаржы сұрауда. Бірақ бұл ақшаның қашан бөлінетіні де, домбыра пішініндегі жаңа орталық құрылысының қашан басталатыны да әзірге белгісіз.
Ғани Қалмаханов