Ақтөбеде аутизммен ауыратын балаларға арнайы мектеп керек - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде аутизммен ауыратын балаларға арнайы мектеп керек

11.10.2024

Қазақстанда аутизммен ауыратын балалардың саны кейінгі 10 жылда бес есеге көбейген. Тек Ақтөбе облысында осындай 900 бала бар. Оларды қоғамға бейімдеу, сапалы білім мен тәрбие беру ісінде айтарлықтай қиындықтар бар. Арнайы мектептің жоқтығы басты кедергі дейді ерекше балалардың ата-аналары.

Алтынай Қонақованың екі баласына бірдей аутизм диагнозы қойылған. Сондықтан ол балаларын көзінен таса етпейді. Соңғы жылдары оларды кезекпен арнайы бейімдеу орталығына бере бастаған.

Алайда, ол ерекше балалардың мәселесіне мемлекеттік деңгейде назар аударылса дейді. Өйткені, үлкен қалалардың өзінде аутизммен ауыратын балаларға арналған мектеп жоқ.

Алтынай Қонақова, ата-ана:

Арнайы мектеп бар, №7 мектеп, онда менің екінші балам оқиды. Бірақ ол аралас. Ол жақта даун, жеңіл аутизммен ауыратын балалар – бәрі бар.Бір класта мысалы, жеті бала, әр түрлі диагнозбен. Сосын бір-бірін көтере алмайды. Негізі аутист бала көп болғандықтан мүмкін оларға арналған мектеп ашқан да дұрыс па деп ойлаймын.

Аутизммен ауыратын балалар жалпы білім беретін мектептерге барады немесе басқа диагнозы бар оқушылармен бірге оқуға мәжбүр. Оларға басқа балалар секілді сабақты бірден қабылдау қиын. Сондықтан, әрқайсысына педагог-көмекші тағайындалған. Мұндай мамандардың жәрдемі оларға аздық етеді.

Дана Амантай, педагог-дефектолог:

Ол үлкен энергияны талап етеді.Қиыншылыты және шыдамдылықты талап етеді. Бұл балалармен жұмыс істеуде ата-аналар тек мамандарға итеріп қоймаса екен деймін. Үйде де, біріккен түрде ата-аналардың да жұмыс істегенін қалар едім.

Ерекше балалардың ата-аналары күн сайын әр түрлі кедергілерге де тап болады. Қиындықпен бетпе бет қалғандықтан, өздері әр түрлі ұйымдар құрып, бірлесе әрекет етуге мәжбүр. Ал, білім саласына жауаптылар әр түрлі семинарлар өткізіп, ата-аналарға құқықтық, моралдық көмек көрсетуге дайын.

Роза Құлжанова, қалалық білім бөлімінің маманы:

Мұндай балалардың белгілі бір тобы жиналса, ата-аналардың арызымен сол аудандағы мектептен педагог-көмекші жұмысқа алынады. Қазір біздегі 86 мектепте осындай 75 маман бар. Одан бөлек ата-аналарды шақырып, бүгінгідей семинарлар өткізіп тұрамыз.

Аутизм белгісі бар балалар соңғы он жылда көп анықталды. Олардың кәмелет жасына толғаннан кейінгі өмірі қандай болатыны да үлкен сұрақ. Яғни, нақты бағдар не бағдарлама жоқ. Сондықтан ата-аналар бұл мәселеге мемлекет, қоғам болып назар аудару қажет дейді.

Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу