Telegram-нан қазақстандықтардың деректері арнайы алынбаған - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Telegram-нан қазақстандықтардың деректері арнайы алынбаған

11.10.2024

Telegram желісін қолданатын қазақстандықтардың деректері компаниядан арнайы тапсырыспен сұратылмаған. Бұл туралы Мәдениет және ақпарат министрлігі мәлімдеді.

Қыркүйектің соңында мессенджердің негізін қалаушы Павел Дуров қолданушылар құқық бұзған жағдайда кез келген елдің билік өкілдерінің арнайы сұрауы бойынша қажетті мәліметтерді жария етуге дайын екенін айтқан болатын. Сондықтан 2018 жылдан бері мұндай шаралар жүзеге асқанын да жасырмаған еді. Осыған қатысты еліміздегі салалық министрліктің мәлімдеуінше, онлайн-платформа әкімшілігінен қазақстандықтардың IP-мекенжайы мен телефон нөмірлері бойынша ақпараттар алынған емес.

Алайда Қазақстанда жұмыс істейтін мессенджердегі заң бұзушылықтар жіті бақылауда. Жыл басынан бері 6 105 заңға қайшы әрекет тіркелген. Азаматтардың жеке деректері жарияланып, ұлтараздыққа итермелейтін, есірткі таратуға үндейтін ақпараттарға қатысты қолданушыларды бұғаттау сияқты жұмыстар атқарылған.

Қарагөз Тұрмағанбет

Хабарламаларға жазылу