Қазақстанда жыл соңына дейін 20 мыңнан астам жас әскерге алынады - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Қазақстанда жыл соңына дейін 20 мыңнан астам жас әскерге алынады

09.10.2024

Биыл жыл аяғына дейін 18 бен 27 жас аралығындағы 20 мыңнан астам жас, әскер қатарына алынады. Олар Қарулы Күштер, Ұлттық ұлан, Шекара қызметі, Төтенше жағдайлар және Мемлекеттік күзет қызметі құрылымдары қатарын толықтырмақ.

ІІМ өкілінің мәліметінше елімізде 700 мыңнан аса адам әскер қатарында есепте тұр. Арнайы өткен брифинг барысында әскердегі қауіпсіздік мәселелері мен әскери қызметтен жалтарғандарға қатысты жаза туралы да айтылды.

Фархат Айдарбаев, ҚР қарулы күштері бас штабы ұйымдастыру-жұмылдыру жұмысы департаменті бастығының орынбасары:

Мерзімді әскери қызметке шақырылудан бас тартқаны үшін заңнамада қылмыстық және әкімшілік жауаптылық көзделген. Әскери ортада құқық бұзушылықтардың алдын алу үшін жеке құрам мен жұмысқа жаңа бастамалар енгізілген. Барлық әскери бөлімдерде бейнебақылау жүйелері орнатылған. Тұрақты негізде социологиялық сауалнамалар жүргізіледі, психологтар жұмыс істейді. 

Бұдан бөлек, азаматтарды Отан алдындағы борышын өтеуге ынталандырудың жаңа тетіктері талқыланды. Мысалы, әскерге шақырылғандарға білім беру саласында жеңілдіктер жасау, сондай-ақ мерзімді әскери қызметке баратындар үшін кредиттік демалыс беру қарастырылған.


Хабарламаларға жазылу