Ақтөбеде пәтер алмақ болған тұрғындар алаяқтарға алданды - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбеде пәтер алмақ болған тұрғындар алаяқтарға алданды

03.10.2024

Ақтөбеде жаңа үйден пәтер аламыз деген 45 адам алаяқтардың құрбаны болды. Олар құрылыс компаниясымен келісімшартқа отырып, баспананың әр шаршы метрі үшін 145-170 мың теңге аралығында ақша салған. Алайда, құрылыс сол күйі тоқтап тұр. Мұндай жағдай Орал қаласында да болған.

Тоқмырза Шайдуллин құрылыс компаниясына 9 млн теңгесін санап берген. Алайда, бір жыл ішінде 3 бөлмелі жаңа пәтерге көшемін деген арманы орындалмады. Қазір пәтер жалдап жүр. Ол алаяқтардың құрбаны болғанын кеш білген.

Тоқмырза Шайдуллин, қала тұрғыны:

Мысалы менің пәтерімді екі рет сатқан. Оны менеджерлер де біліп тұр. Ол компанияға сендім. Әкімдік рұқсат бергені бар, жерге рұқсат алған.

Тұрғындар ақшаларын 2021 жылдан бастап салған. Барлығы 367 млн теңге жиналған. Алайда, сол кездің өзінде бір пәтер екі-үш адамға қатар сатыла бастаған, дейді салымшылар. Оның үстіне үй салынуы тиіс жердің иесі ауысып кетіп, оны кері қайтару үшін де көп уақыт кеткен.

Нағима Икембаева, қала тұрғыны:

Анықтап жатыр. Алаяқтарға ұсталғанбыз анық-қанығына келгенде. Енді оны шешетін құзырлы органдар жоқ, ешкім қозғалып жатқан жоқ. Сот болады дейді. Ол болып жатқан жоқ, әлі жүрміз.

Тұрғындар мәселені шешу үшін сотқа жүгінуге мәжбүр болған. Олар ақшаларын кері қайтарып алуға құлықты емес. Өйткені, одан бері пәтер бағасы едәуір қымбаттап үлгерген.

Ерболат Сарқұлов, облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі:

Алаяқтық дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүруде. Бірқатар сараптамалар тағайындалды. Осы айдың қараша айында қылмыстық істі сотқа жіберу жоспарлануда.

Орал қаласында да 32 адам алаяқтардың құрбаны болды. Олар өздерін «құрылысшымыз» деп таныстырғандарға 490 миллион теңге берген. Алайда оларда не жер телімі, не құрылысқа қажет құрал-жабдық болмай шыққан. Алаяқтар әлеуметтік желілерде таунхаус салу туралы ақпарат таратқан. Сот үкімімен жәбірленушілердің шығыны толық көлемде өндірілді.

Динара Нұрсұлтанова, облыс прокурорының аға көмекшісі:

Орал қалалық сотының үкімімен екі алаяқ 6 және 7 жылға бас бостандығынан айырылды. 32 жәбірленушіні алдап, үй салып береміз деп, алайда ең соңында үй де жоқ, ақша да жоқ. ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес, алаяқтық фактісі бойынша кінәлі деп танылды.

Прокурорлар мұндай қылмыстардың елімізде көбейіп кеткенін айтып, дабыл қағып отыр. Тұрғындарды кездейсоқ адамдарға сенбей, сақ болуға үндейді.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу