Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта ауқымды шара өтті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта ауқымды шара өтті

28.09.2024

Атом саласы бүгінде мемлекетіміздің ең негізгі, стратегиялық маңызды және табысты салаларының бірі болып есептеледі. Осыған орай Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталықта ауқымды шара өтті.

Курчатов бүгінде ғылыми қызметкерлер қаласына айналған. Сондықтан атом саласы қызметкерлері күні ескерусіз қалған жоқ. Курчатов қаласында өткен ауқымды шарада Ұлттық ядролық орталықтың қызметкерлері Энергетика министрлігінің «Атом саласының үздігі» төсбелгісімен және министрдің құрмет грамотасымен наградталды.

Ерлан Батырбеков, ҚР ҰЯО Бас директоры:

Бүгін өте жақсы шара өтуде және бұл оқиға референдум қарсаңында болып жатқаны өте маңызды. Яғни, бұл оған үлкен мән береді. Өйткені біз осы саламен өз болашағымызды байланыстырамыз. Орталықтың басты бағыттарының бірі – атом энергетикасын дамыту.

Ұлттық ядролық орталық Курчатов қаласының діңгегі десе де болады. Жергілікті халықтың 20 пайызынан астамы осында қызмет етеді. Атом қызметкерлерінің мерекесі – бүкіл қаланың қуанышы, дейді қала әкімі Болат Әбдіралиев.

Болат Әбдірәлив, Курчатов қаласының әкімі:

Қаламыздың осы атом саласына нақты қатысы бар деп есептейміз. Сол себепті бүкілқалалық мереке болып саналады. Бүгін орталықтағы ұжымдарды құттықтасақ, ертең қалаға арналған концерттік бағдарлама, сол жерде конкурстар, спорттық сайыстар болады. Алдымыздағы референдумның қарсаңында ерекше орын алады бұл мейрам.

Ұлттық ядролық орталық 1992 жылдың 15 мамырынан бастап жұмыс істеп келеді. Орталық атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану үшін ғылыми-техникалық қолдау мақсатында қызмет етіп келеді.

Дархан Рахымжан

Хабарламаларға жазылу