Ақтөбе облысында 130 отбасы жаңа баспанаға көшті - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Ақтөбе облысында 130 отбасы жаңа баспанаға көшті

25.09.2024

Ақтөбе облысының Қобда ауылында 130 отбасы қоныс тойын тойлап жатыр. Көктемгі су тасқыны кезінде баспаналарынан айырылған тұрғындар жаңа, жайлы үйлерге толықтай көшіп үлгерді. Қобдалықтардың қуанышымен Жақсыбек Кемал бөлісіп келді.

Бұл Нұрбол Мәдетханұлының ескі үйі. Тасқын кезінде баспана су ортасында қалған. Іргетасы мен қабырғалары жарылып, комиссия шешімімен тұруға жарамсыз деген шешім шығарылды. Қазір мұндағы дүние-мүлкін шығарып жатыр.

Нұрбол Мәдетханұлы, Қобда ауылының тұрғыны:

Жалғыз Қобдаға ғана келсе екен, бұл апат еліміздің қаншама жерінде болды. Ел бар, көмек жақсы болды. Халықтан көмек болды. Бұл үйді енді бұзамыз.

Дегенмен, Нұрболдың отбасы далада қалмады. Ол ауыл шетінен салынған жаңа үйге көшіп келді. Бала-шағасының қуанышында шек жоқ. Баспана өте сапалы салынған.

Эльмира Бекжанова, Қобда ауылының тұрғыны:

Біздер осы бір апта бұрын осы үйге, жаңа қонысымызға көшіп келдік. Үйіміз өте жайлы, жылы, жарық іші. Біз көп балалы отбасынанмбыз. Бес баламыз бар. Мынау қыздарымыздың бөлмесі, жиһаздарымызды орналастырып, үйімізді реттеп жатқан жайымыз бар.

Бұл жерден жаңадан 130 үй бой көтерді.Осылайша аудан орталығына іргелес тұтас ауыл пайда болды деуге әбден болады. Мұнда инженерлік желілер толықтай тартылған, тақтайдай тегіс жол төселген.

Жалпы, Қобда ауданы бойынша 288 үйге су кірген еді. 8 тұрғынға дайын үйлер сатып алынды. Сондай-ақ, 118 отбасыға жөндеу жұмыстары үшін қаржы бөлінді. Ал, жаңадан салынған үйлердің құрылысы белгіленген мерзімде аяқталды.

Ақсұлтан Күзембаев, Қобда ауылы әкімінің орынбасары:

Мәселе болған жоқ. Қобда ауылының өзінде 13 мердігер жұмыс істеді. Жарық ауылында 17 үйді екі мердігер салды. Ешқандай кедергі, проблемалар болған жоқ.

Әкімдік өкілдерінің айтуынша, тұруға жарамсыз болып қалған үйлер толықтай бұзылады. Ал, жер мемлекет меншігіне өтеді. Бұл аумақтардың болашақта қандай мақсатта қолданылатыны әзірге белгісіз.


Жақсыбек Кемал


Хабарламаларға жазылу