Кендірлі курорттық қаласының бас жоспары әзірленді - «Qazaqstan» Ұлттық телеарнасы

Кендірлі курорттық қаласының бас жоспары әзірленді

24.09.2024

Маңғыстауда Каспий теңізінің жағалауында «Кендірлі» курорттық қаласы салынады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 40 мың адамға арналған жаңа шаһардың бас жоспары әзірленді. Сондай-ақ, туристік аймақты ауыз сумен қамтамасыз ететін, тәулігіне 50 мың текше метр су тұщытатын зауыттың құрылысы басталды.

«Кендірлі» жері Жаңаөзен қаласынан 65 шақырымда, Каспий теңізінің жағасында орналасқан. Болашақта мұнда 40 мың адамға арналған қала және курорттық аймақ пайда болады. Қазір бас жоспары дайын. Әуежайдың орны белгіленіп, Жаңаөзен кендірді Түрікменстан тас жолын қайта құрылымдауға шешім қабылданған.

Жаңа қала 4 мың гектар аумақта орналасады. Қазір жағалауда 20-ға жуық демалыс орны жұмыс істейді. Бас жоспарға сәйкес, енді мұнда 4 және 5 жұлдызды қонақ үйлер, шипажайлар, сауықтыру лагерьлері, аквапарктер, айлақтар, балық шаруашылықтары салынбақ. Сонымен қатар, халықаралық деңгейдегі спорттық стадион, мәдени кешендер, тұрғын үйлер бой көтереді.

Мекен Үйсенов, Кендірлі ауылының әкімі:

Жалпы Кендірлі теңіз жағасындағы туристік аймағында салынатын барлық инвест өзгеде жобалардың құнын анықтау үшін биыл туристік аймақтың егжей-тегжейлі жоспары дайындалып жатыр. Бізге берілген тапсырма 2025 жылдың бірінші тоқсанына дейін. Біз бұны келесі жыл емес, жыл соңына дейін аяқтау керек деп жоспарлап отырмыз.

Жаңаөзен мен Кендірлі қаласын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін Каспий теңізінің Тоқмақ мүйісінде тәулігіне 50 мың текше метр су өндіретін зауыттың құрылысы басталды. Жобаны 4 ірі компаниядан құралған консорциум жүзеге асыруда. Су тұщыту цехы мен қатар 14 қосалқы ғимараттың құрылысы жүріп жатыр. Зауыт Президенттің 2021 жылғы Жолдауындағы тапсырмасына сәйкес жүзеге асуда.

Орақ Аяпов, жобаға тапсырыс беруші компанияның өкілі:

Осы жылдың аяғына дейін құрылыс-монтаж аяқталады. Жаңадан салынатын Кендірлі ауылына біз мына жерден жоғары қарай шыққан жерде 4-құдық бар сол құдықтан біз оларға әдейі кіндік қалдырып кеттік. 

Президент Жолдауында Кендірлі курорттық аймағын дамытуды жеделдетуді және әуежай салуды тапсырды. Бүгінде әуежайдың орны белгіленді. Ол қаладан 14 шақырым жерде орналасады. Құзырлы органдар жобаның техникалық шарттарын талқылап жатыр. Сондай-ақ Жаңаөзен-Кендірлі-Түрікменстан тас жолы жаңартылып, жол бойында сервистік қызметтер артпақ.


Аягөз Оралбайқызы


Хабарламаларға жазылу