Жамбыл облысында жолдардың мерзімі жетпей бүліне беретін себебі белгілі болды. Өңірдегі әкімдер тас жолды салуға тапсырыс бергенде кепілдік мерзімін көрсетпейді екен. Салдарынан соңғы үш жылда 100-ден астам жол қайта жөндеуден өтпеген. Ал бұл автожолдарды салуға 1,5 млрд теңге жұмсалған.
Жамбылдағы жолдардың жалпы ұзындығы 10 мың шақырымнан асады. Биыл сапасы сын көтермейтін 700 шақырым жолды жөндеуге 26 млрд теңге бөлінген. Ал жүргізушілерді жаңадан төселіп жатқан жолдардың көп ұзамай қайта қазылатыны қажытқан.
Дәулет Досмайылов, қала тұрғыны:
Бір жыл өтпей жатып, ол жол қайтадан жамалып жатады, болмаса құбырын ауыстырып жатады, болмаса онда канализация бар дейді. Әйтеуір жол бітті-ау дегенде жолдың астынан проблема шығады, қайтадан қазып тастайды.
Ал жолдың сапалы болуы қоспасының құрамынан бөлек, құжатына да байланысты. Соңғы үш жылда облыс бойынша 112 жол қайта жөндеуге құқық беретін құжатсыз төселген. Яғни әкімдер келісімшартта кепілдік мерзімін көрсетпеген.
Дәурен Омаров, ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облысы бойынша департамент басшысының бірінші орынбасары:
Біз ары қарай да қалған жылдарды зеттейтін болсақ, ол жерде де ол мәселелердің саны көбеюі мүмкін. 9 ауыл әкімі сол бойынша жауапкершілікке тартылған болатын. Енді ол жердегі қызметкерлер бір шетінен немқұрайлы болуы мүмкін, екінші шетінен бір жекелеген кәсіпкерге артықшылық көрсету мәселесінен болуы мүмкін.
Ал Таразда жолға бөлінген қаржыны жеген әкімдік қызметкері істі болды. Білдей бөлім басшысы мердігерге жол жабындысын жұқа қылып төсеуге пәрмен берген. Сөйтіп екеуара бөлінген ақшаны бөлісіп алған.
Сағатбек Сүттібаев, облыс прокурорының аға көмекшісі:
Мусорская, Онкологиялық аурухана, Наурыз көшелерінің орташа жөндеуге бөлінген 32 млн теңге қаражатын жымқыру фактісі анықталып, келтірілген шығын толық қайтарылып, іс айыптау актісімен сотқа жолданды. 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Басы дауға қалған басшының былығынан кейін әкімдікте жол салу жұмыстары жіті қадағаланатын болған. Жауаптылар жолдың әр метірін өлшейміз деп отыр.
Дияр Мұхитов, Тараз қаласы әкімдігі түкш бөлімінің бас маманы:
Орташа жөндеу бойынша асфальт жабындысы 6 см-ден 11 см-ге дейін салынып жатыр. Ал қайта жаңғырту жұмыстары бойынша, 12 см жоба бойынша қарастырылған. Кемшілік анықталған жағдайда мердігермен кепілдік міндеттеме есебінен қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілетін болады.
Ал кепілдік мерзімі көрсетілмей салынып кеткен жолдар бүлінген жағдайда оны ешкім бірден қайта қалпына келтірмейді. Тек жөндеуіне аударылатын ақшаны ұзақ күтуге тура келеді. Сондықтан қазір құзырлылар компаниялардың кепілдік мерзімі кемінде 2 жыл болуын жіті тексеріп жатыр.
Данияр Әлімқұл